Атырау тұрғындары желіде қаланы қолқаны қапқан сасық иіс торлағанын айтып, шағымданып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Желідегі жазбаға сүйенсек, жағымсыз иістен қалалықтардың жүрегі айнып, басы айнала бастаған. Жұрт жазба астына жаппай қала әкімдігі мен президенттің аккаунтын белгілеп, көмек сұрап жатыр.
Атырау қаласының үш тұрғыны облыстық экология департаментіне шағым беріпті.
Қала тұғындарының бірі Лаура Сүлейменова өзге өңірге көшу мәселесін ойластырып жүргені туралы видео жүктеді.
«Қолайсыз экологиялық жағдайға байланысты Атыраудан көшу жайлы алғаш рет ойландық. Соңғы онжылдықта Атырауда күкіртті сутектің иісі тұрақты қайталанады. Біз үнемі терезелерді жауып, ауа баптағышпен дем алуға мәжбүрміз. Үйде ауа тазартқыштар үнемі қосылып тұрады. Өмір сапасы туралы не айтуға болады? Менің экология департаментіне демаршым шығарындылардың шығу көзін анықтауға қатысты болды. Мен қала тұрғындарын осы экологиялық геноцидтен құтқару үшін шара қабылдауды талап етемін», -дейді Лаура Сүлейменова.
Көпшілік қаладағы жағымсыз иіс Атырау мұнай өңдеу зауытынан таралуы мүмкін деген пікірде. Алайда зауыт мұндай болжамды жоққа шығарды.
«Атмосфералық ауаның сапасын бақылау постының деректеріне сәйкес 28 наурызда күкіртті сутек бойынша шекті рұқсат етілген концентрация нормативтерінің асып кеткені тіркелді. Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлаймыз. Жел солтүстік-батыстан, яғни Атырау қаласынан зауытқа қарай соғып тұр. Демек, Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік процесі – жағымсыз иістің көзі емес», -деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.
Облыстық экология департаменті «Квадрат» булану алаңындағы ауа сапасын тексеру басталғанын мәлім етті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!