Белсенді Дина Смаилова Павлодарда 16 жастағы жетім қыздың зорланғанын мәлімдеді. НеМолчи қорының басшысы ұсынған мәліметтерге сәйкес, қыз зорлыққа шыдамай 10-қабаттан секіріп кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қыз биіктен құлаған соң тірі қалған, алайда ауыр жарақаттар алған. 

«Қызды алдап пәтерге кіргізіп, зорлаған. Ол мұны көтере алмай терезеден секіріп кеткен. Ең сорақысы, бұл қыз – тұл жетім, Павлодардағы жастар үййінің тәрбиеленушісі. Бізге оның әпкесі шағымданып, жалғыз жақыны екенін айтты. Жақында ол кәмелетке толған. Қазір зардап шеккен қызға қамқоршысы ретінде рәсімдеуге көмектесу керек», – деп жазды ол Facebook желісіндегі парақшасында.

Апалы-сіңілілер 2009 жылдан бері бөлек жетімдер үйінде тәрбиеленген. Ал аналары 2010 жылы ата-ана құқығынан айырылған. 2012 жылы көз жұмып, қыздар тұл жетім қалған. 

Үлкен әпкесі 2021 жылы тұрмысқа шыққан. Ал сіңілісі қашып кеткен. 16 жасында колледжге түскен соң жастар үйіне орналастырған. 

Биіктен құлағаннан кейін қыз ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатқан. 

«Омыртқасы сынып, ішкі азғаларына зақым келген. Ішкі құрылысы қабынғандықтан, бұл ми жұмысына әсер етеді. Сондықтан көру қабілетінен және жадынан айырылды. Қазір оған төрт рет ота жасалған. Алдағы тағы жасалады», – деп қосты белсенді. 

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, 16 жастағы қызды зорлау дерегіне қатысты күдіктілер ұсталған. 

«Қазір Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1 бөлігі (Зорлау), 105-бабы(Өзін-өзіне қол салуға дейін жеткізу) және 121-бабының 3-1 бөлігі (Сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша тергеу жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Тергеу ерекше бақылауға алынды», – делінген хабарламада. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!