Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 30 маусымда қабылдаған заңға сәйкес, 12 шілдеден бастап Қазақстан аумағында адамның бет-жүзін толықтай жауып, тұлғасын тануға кедергі келтіретін киімді қоғамдық орындарда киюге ресми түрде тыйым салынды.
Қоғамдық орындарда бетті жабуға тыйым салу қажеттілігі жайлы алғаш 2018 жылы айтыла бастады. Парламент бұл тақырыптағы заң жобаларын жеті жылға жуық талқылаған. Осы уақыт ішінде әлемдік тәжірибе зерттеліп, халықтың пікірі назарға алынды.
Жаңа талаптың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектемей, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұлғаны анықтауға мүмкіндік беру және құқық бұзушылықтардың алдын алу болатын. Қабылданған заң нормаларына сәйкес, бетті тұтас жабатын бетперде, никаб, паранджа сияқты киімдерге тыйым салынды. Ал хиджаб, шейла, химар, аль-амира сияқты бет-жүзді жаппайтын діни киім түрлеріне бұл шектеу қолданылмайды.
Медициналық көрсетілімдерге байланысты немесе ауа райының қолайсыздығына байланысты бет жабуға рұқсат беріледі. Сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындау кезінде, азаматтық қорғау жұмыстарына қатысқанда, спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларда да бұл талап қолданылмайды.
Жаңа заң аясында айтылған пікірлер сан түрлі. Бірі жақтаса, бірі құптамады. Маскадан бөлек діни киімдер қатарындағы «паранжы, никаб» секілді жамылғыларды бірі «қазақ тарихында болмаған» десе, енді бірі оны «кимешекпен» салыстырып әлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында қара жамылғы жөнінде ойын ашық айтып, елді ұлттық киімдерді киюге шақырды.
– Қоғамда ұлттық киімге қызығушылық артып келеді, оны мектептерде және басқа да мекемелерде, соның ішінде ірі компанияларда киетін болды. Жоғары сұраныс тігін цехтарының ашылуына, жаңа брендтер мен дүкендердің пайда болуына ықпал етті. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп күнделікті құбылысқа айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара жамылғыны кимей, ұлттық стильдегі киімді таңдаған әлдеқайда дұрыс. Біздің ұлттық киіміміз этникалық бірегейлігімізді айқын көрсетеді, сондықтан оны жан-жақты насихаттау қажет, – деді Президент.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, қылмыс жасаған адамдар көбіне бетжүзін жасыруға тырысады. Бұл олардың кім екенін анықтауды қиындатады. Мәселен, жаппай төбелестер мен тәртіпсіздіктер кезінде, әсіресе футбол фанаттары беттерін шарф не маскамен жабады. Сондай-ақ ұрлық, тонау, көлік ұрлау, есірткі тарату сияқты ауыр қылмыстарды бетін бүркегендер жасайтын жағдайлар жиі кездеседі.
Заң күшіне енгеннен кейін полицейлер облыстарда кең көлемде түсіндіру жұмыстарын бастады. Учаскелік инспекторлар базарларда, аялдамаларда, адам көп шоғырланған орындарда тұрғындарға жаңа талаптың мәнін түсіндіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кеңес беруде. Сонымен қатар олар интернеталаяқтардың әрекеттері мен тұрғындардың жиі алданып қалу себептерін де мысалдармен жеткізіп жатыр.
Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының стратегиялық талдау бөлімінің жетекшісі Елнар Берікбаев өз пікірінде былай дейді:
– Қоғамдық жерде бетті жабуға тыйым салу – қоғамдық қауіпсіздік талаптарымен байланысты. Себебі бетті жабу құқық қорғау органдарына адамды анықтауға мүмкіндік бермейді. Ең заманауи бейнебақылау жүйелері де пайдасыз болып қалады. Массовой төбелестер, қылмыстар кезінде адамның бетін жасыру арқылы жазадан қашып кеткен жағдайлар болды. Бұдан бөлек, мұны іздеуде жүрген қылмыскерлер де пайдалана алады. Тағы айта кету керек, тыйым балаклава, маска және никабқа қатысты, – деді ол.
Жаңа талаптарды сақтамаған азаматтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда Тыйымды бұзғандарға 170 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Кейбір жағдайда 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Көршілес жатқан мемлекеттер де бұл шектеуді енгізгеніне көп уақыт болған жоқ. Мәселен Қырғызстанда 2025 жылдың қаңтарынан бастап ниқабқа тыйым салынса, Өзбекстанда 2023 жылдан бері шектеулер бар. Ал Тәжікстан 2017 жылы ниқабты «ұлттық мәдениетке жат» деп танып, тыйым енгізген. Мұндай бастамалар ұлттық бірегейлікті сақтауға, зайырлы қоғам құндылықтарын қорғауға бағытталған.
Сондай-ақ бүгінде әлемнің ондаған мемлекетінде бет-әлпетті толық жабатын киімге тыйым салған. Олардың қатарында Франция (2010), Бельгия (2011), Австрия (2017), Дания (2018), Нидерланд (2019), Швейцария (2021) секілді Еуропа елдері бар. Сондай-ақ Африкадағы Камерун (2015), Чад (2015), Тунис (2019), Конго (2015) және Азиядағы Шри-Ланка (2019), Қытай (2017) осыған ұқсас заң қабылдаған.
Белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзада жаңа тыйымға қатысты жеке пікірімен бөлісті:
– Мен биолог, физиолог ретінде бастың жабық болуы міндетті деп есептеймін. Өйткені шаш пен ең басты чакра қорғалуы тиіс. Кез-келген мәдениетте ер адамдар басына тақия киіп, әйелдер түрлі орамал таққаны белгілі. Біздің тарихымызда әйел әрқашан тартымды, әдемі және жүзі ашық жүрген. Бұл – халықтың менталитеті. Жалпы қазақ халқы тұмшаланбаған, – дейді ол.
Иә, қоғам тарапынан «дінге қарсы бағытталған» деген сыңайда пікір білдірушілер пайда болатыны анық. Алайда бұл өзгерістерді діни шектеулермен байланыстыру шындыққа жанаспайтын һәм қате ұғым. Егер заң қауіпсіздік үшін қажет болса, оны түсіністікпен қабылдау міндетіміз. Сонымен бірге билік діни бостандықты шектемейтінін, тыйым тек бет-жүзді толық жабатын киімдерге қатысты екенін айқын түсінуіміз қажет. Хиджаб, шейла сияқты киімдерге шектеу қойылмайтыны – соның дәлелі.
Еркіндік пен қауіпсіздік – кез келген қоғамда бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ кейде бірбіріне қайшы келетін құндылықтар. Азамат үшін еркіндік – ең басты құқықтардың бірі. Әркімнің өз ойын айтуға, дінін ұстануға, қалаған киімін киюге құқығы бар. Бұл – демократиялық қоғамның негізі. Десе де мемлекет тек жеке адамның еркіндігі үшін емес, жалпы қоғамның қауіпсіздігі үшін де жауапты. Егер бет-жүзді толық жабу қылмыскерлерге жасырынып жүруге мүмкіндік берсе, онда бұл – қоғам үшін үлкен қауіп. Қоғамда тәртіп, тыныштық болмаса, еркіндіктің де қадірі болмайды.
Міне, мәселенің түйіні – осы екі құндылықтың ортасын табу. Еркіндік толық шектелмеуі керек, яғни хиджаб, орамал сияқты бет-жүзді жаппайтын діни киімдерге рұқсат беріледі. Ал бетті толығымен бүркеп, тұлғаны анықтауға кедергі жасайтын киімдерге тыйым салынады. Азаматтарға – сенім бостандығы, өзін еркін сезіну құқығы қалады. Мемлекетке – тәртіп пен қауіпсіздікті қорғау міндеті сақталады. Жаңа норма тек қана қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін енгізілгенін қаперімізге алған жөн.
Қылмыскерге бүркеніш болған киім
Жаңа заңнамаға түсінік беру үшін халықаралық тәжірибеден нақты оқиғаларды тілге тиек еткіміз келеді. Кейбір елдерде бет-құралдарын (никаб, бурка, паранджа) қолдана отырып, жоспарланған қылмысты жүзеге асыру жағдайлары тіркелген. Бұл оқиғалар биліктің осындай киім түрлеріне шектеу енгізу шешімдеріне алып барды.
2024 жылдың маусымында Дағыстанда шіркеулер мен полицияға бағытталған бірқатар ұйымдасқан шабуылдар жасалды. Оқиғадан кейін аймақтағы діни басшылыққа және билік органдарына қауіпсіздік шараларын күшейту қажет болды. Дағыстан мүфтияты атышулы оқиғадан кейін уақытша никаб киюге тыйым салғанын хабарлады. Бұл шешім қауіпсіздік жағдайындағы қажеттілікпен және никaбтың бетті жасырушы қасиетімен түсіндірілген болатын.
Сондай-ақ келесі бір деректерге үңілсек, Иорданияда ер адамдардың кейде «химар-никаб» секілді бетті тұмшалайтын киіммен банк тонау, полицейлерге шабуыл жасау секілді сан түрлі қылмыстық оқиғалар орын алған. Бұл жағдайлар да аталған жамылғыларға қатысты қауіпсіздік мәселесін қайта қарастыруға түрткі болды.
Бурка киімін жасырыну мақсатында пайдаланған атышулы оқиғалар тізімінде Филадельфияда және бірнеше елде «бурка бандит» атанған сериялы банк тонаушылар, сондай-ақ Лондонда бурка киіп ұрлық жасаған қылмыстық топтың істері жарияланған. Бұл оқиғалар – бетжүзді бүркеніп, куәгерлердің және камералардың тұлғаны анықтау мүмкіндігін төмендету арқылы қылмыстық әрекетті іске асырғандар.
Көптеген зерттеу мен ресми баяндамалар никабтың өзі қылмысқа «себепші» дегенді дәлелдемейді. Мұндағы мәселе – нақты тұлға мен жағдайларға байланысты, яки бетті бүркеніп жасыру қылмысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді немесе оны жеңілдетеді деген қауіп туындайды. Сондықтан көптеген елде енгізілген шектеулер қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп пен тұлғаны сәйкестендіру қажеттілігімен түсіндіріледі.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, никаб пен бурка тәрізді бетті толық жабатын киімдерді кейбір қылмыскерлер бүркеніш ретінде пайдаланған оқиғалар саны көп. Тіпті сот-медициналық сараптамалар бетті жабатын киімнің дауыс арқылы сәйкестендіруге де кедергі келтіретінін айтып отыр. Сондықтан Қазақстандағы мұндай шектеу – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қажеттілік. Дегенмен бұл мәселе діни бостандық пен қауіпсіздік аралығындағы нәзік балансты талап етеді.
Аймақта жаңа заң талаптары түсіндірілуде
Қабылданған жаңа заңға байланысты Қызылорда облысында полиция қызметкерлері тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кетті. Олар халық көп жиналатын орындарда – базарларда, аялдамаларда, ойын-сауық орындарында заңның мәнін, құқықтық негіздерін және жаңа талаптарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мамандардың айтуынша, бұл жаңашылдықтың басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарды жедел сәйкестендіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Шектеу адамның жүзін толықтай жауып тұратын киімдерге, атап айтқанда маска мен никабқа қатысты.
– Бұл – алдын алу мақсатындағы шара. Ең бастысы – қоғам қауіпсіздігі. Жаңа талап ешкімнің діни немесе мәдени дәстүріне қарсы бағытталмаған. Адам көп жиналатын орындарда тұлғаны дер кезінде анықтау – құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды, – дейді полиция қызметкерлері.
Полицейлер жаңа ережелерді сақтау – әр азаматтың міндеті екенін ескертті. Талапты бұзу қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бүгінде түсіндіру жұмыстары облыстың барлық ауданында жалғасуда. Оған жергілікті атқарушы органдар, қоғам белсенділері мен діни бірлестіктердің өкілдері де атсалысып жатыр.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!