Биыл 1 тамыздағы дерек бойынша республикалық бюджеттен 107,2 мың жұмыс істемейтін ата-ана 20,9 млрд теңге сомасына жәрдемақы алды. Бұл туралы Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 439,6 мың ата-ана 144,8 млрд теңге сомаға табысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Айта кетейік, бұрын бала бір жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақы төленетін.
Биылдан бастап Қазақстанда бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бала 1,5 жасқа толғанға дейін ұзартылды. Мәселен, бірінші балаға – 19 872 теңге (5,76 АЕК), екінші балаға – 23 495 теңге (6,81 АЕК), үшінші балаға – 27 083 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан да көп балаға – 30 705 теңге (8,9 АЕК).
Жұмыс істейтін аналар бала күтіміне байланысты үйінде отырып табысынан айырылған жағдайда, төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,5 жылға дейін ұзартылады. Сондай-ақ оның мөлшері бала туғанға дейінгі соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40%-не тең.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!