Ар-намысы тапталған әкімдік коменданты Қостанай облыстық Әдеп жөніндегі кеңесіне шағымданды. Кеңес мүшелері тексеріс жүргізіп, шенеуніктің кінәсін дәлелдеді, деп хабарлайды Экспресс К.

Қала әкімінің орынбасары Әнуар Есқатов әкімдік ғимаратына жауапты қызметкерді жұрттың көзінше балағаттап тастаған. Ол бақылау жүйесіне бағынғысы келмей, кіріп-шығу қондырғысы жолын бөгегені үшін айғай шығарыпты. Қосалқы есіктің жабық тұрғаны тіптен ашуландырып, комендантты жерден алып, жерге салған.

Артқы есіктің неге жабық тұрғанына бола күзетшілердің, сантехниктердің көзінше айқайға басты. «С*ка, қосалқы есікті жапқан сен бе?», «Мынау мақұлық артқы есікті әдейі жауып тастапты!» деп сөкті. Психологиялық қысымға шыдамай, жылап жібердім,

— деп шағым айтты комендант әйел.

Ол мұны жылы жауып қоя салмай, облыстық этика жөніндегі кеңеске арыз жазуды ұйғарған. Нәтижесінде қызметтік тергеу жүргізілді. Барлық куәгер бұл деректі бір ауыздан растап, Есқатовтың ғимараттан шығар кезде өткізу жүйесін үнемі қолданбайтынын айтыпты.

Орынбасардың өзі жауап алу кезінде бейәдеп сөйлемегенін, тіпті мұндай жағдайдың болғаны есінде жоқ екенін айтты. Оның сөзінен ешқандай өкіну нышанын байқамадық, сондықтан оған максималды жаза беруді талап еттік,

— дейді кеңес мүшелері.

Мемлекеттік қызметкердің ар-ождан кодексін айқын бұзғаны дәлелденіп, Рудный қаласының әкіміне 15 жылдық еңбек өтілі бар Есқатовты жұмыстан шығару ұсынылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!