ҚазАқпарат 1 шілдеден бастап қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұрғанына шолу ұсынады. Сұйытылған газ бағасы – 180 күн түгесілді Қаңтар айының басында туындаған толқудан кейін сұйытылған газдың бағасы мемлекеттің реттеуіне берілген болатын. Сол 180 күн мерзім түгесілетін сәт келіп тұр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі бағаны жыл соңына дейін сақтап қалуды ұсынып отыр. «Ашық НҚА» порталында көпшіліктің талқылауына шығарылған қаулы жобасында осындай бастама көтерілген. «Бұған дейін шектеу қойған бұйрықтың мерзімі 2022 жылы шілдеде аяқталады. Сұйытылған мұнай газ нарығының бөлшек сегментінде еркін баға белгілеу енгізілсе, бағаның күрт өсуі мен қоғамда әлеуметтік шиеленістің пайда болу қаупі бар. Осыған байланысты, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жыл соңына дейін сұйытылған мұнай газ бағасын қазіргі мөлшерде қалдыруды ұсынды», – деп жазылған құжат жобасында. Осылайша сұйытылған газ бағасының ішкі нарықтағы бағасы қазіргі қалпында қалмақ. Нақтырақ айтсақ: – Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында қазір көлік газының бағасы литріне – 70-75 теңге көлемінде; – Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарында – 60-65 теңге мөлшерінде; – Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында бір литрі – 50-55 теңге болып бектілген.

Ал келесі жылдан бастап сұйытылған газдың шекті бағасын Энергетика министрлігі белгілеп отырады. Ведомство басшысы Болат Ақшолақов журналистерге осындай мәлімет берген болатын. «180 күндік реттеу мерзімі аяқталған соң сұйытылған газдың бір литрі зауыттан 29 теңгемен шығатын болса, соңғы тұтынушыға қазіргідей 50 теңге емес, 55 теңге болуы мүмкін. Бұл анық нарықтық жолмен енгізілген баға. Оны бақылауға алу керек деп отырғанымыз, осы межеден асырып жібергендер болса, оның негіздемесін дәлелдей алмаса, айыппұл салып, бағаны қайтадан орнына келтіреміз», – деген еді Болат Ақшолақов. Пәтер иелері кооперативтері тағы бір жыл жұмыс істейді 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап пәтер иелері кооперативтерінің орнына мүлік иелері бірлесітігі мен жай серіктестіктер құрылып бітуі керек болған.

Бұл реформа тағы кейінге шегерілді. Тағы деп отырғанымыз, әуел баста пәтер иелері мен тұрғын емес ғимараттардың меншік иелері 2021 жылдың 7 қаңтарына дейін мүлік иелерінің бірлестігіне немесе жай серіктестіктерге бірігуі керек болған. Бірақ пандемия Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жоспарын өзгертіп, бұл шара 2022 жылдың 1 шілдесіне шегерілген. Жуықта ҚР Парламенті Мәжілісі Энергия үнемдеу туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді қабылдаған еді. Аталған құжат бойынша, пәтер иелері кооперативтері тағы бір жыл жұмыс істейтін болды. Бір топ маманның айлығы 75% өседі 1 шілдеден бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75% өседі. Кеше Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Шымкенттегі кездесуде осындай мәлімет берді. «Мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен әр жыл сайын 20%-ға өсетін болады. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін жүргізіледі, яғни осы кезеңде еңбекақы көлемі 100%-ға артады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 1 шілдеден бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға артатынын атап өткім келеді», – деді Дәурен Абаев. Дәрілер таңбаланады Үкіметтің 2022 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен таңбалауға жататын тауарлардың тізбесі толықтырылды. Аталған құжаттың 8 мамырда күшіне енгенін ескерсек, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап шығарылатын дәрілерге таңбалау енгізіледі. Қаулы тізімінде мынандай дәрілер бар: – иммундық сарысулар және қанның басқа фракцияларына керек дәрілер; – дәрілік пішіндерге немесе бөлшек саудаға арналған пішіндерге немесе қаптамаларға салынған иммунологиялық препараттар; – емдік, профилактика немесе диагностика үшін дайындалған жануарлардың қаны; – басқа да барлық дәрілер. Мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тауарды электронды каталогқа тіркеу қажет болады 2022 жылғы 1 шілдеден бастап Қаржы министрінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы №52 бұйрығы күшіне енеді. Ол құжат бойынша мемлекеттік сатып алу процедурасына қатысу үшін тауарды электронды каталогқа тіркеу қажет болады. Электрондық каталогтан сатып алынатын тауарлар тізбесіне тауарлардың санаты мынадай: – кеңсе тауарлары: – шаруашылық тауарлары; – дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдар; – электр тауарлары. 2022-2023 жылғы аңшылық маусымда атуға жататын хайуандардың жаңа лимиті күшіне енеді Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 10 маусымдағы бұйрығы бойынша, 2022 жылдың 1 шілдесі мен 2023 жылдың 15 ақпанынан дейінгі аралықта атуға болатын жануарлардың лимиті белгіленген. Құжатқа сүйенсек, аталған мерзімде Қазақстан аумағында 15 124 қабан, 1 110 марал, 11 185 сібір елігін, 515 бұлан, 1347 тауешкі, 150 қоңыр аю, 126 сілеусін, 509 жанаттәрізді ит, ,13 904 қарсақ, 57 764 түлкі, 15 132 борсық, 10 297 ақкіс, 109 148 ондатр, 391 322 қоян, 304 430 суыр, 254 000 қаз, 886 000 үйрек, 52 758 кулик, 87 489 қырғауыл, 111 338 құр, 132 904 көгершін және т.б. атуға рұқсат берілмек. Бұл лимиттің облыстар бойынша бөлінісін мына жерден көруге болады. Кәсіпкерлік кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енеді Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік монополия тетігін толықтыратын және жетілдіретін «арнайы құқықтық» институтын құру көзделген. Жер қойнауын пайдаланушылар тауар, қызмет, жұмыс түрлерін сатып алу жоспарын ұсынуға міндеттеледі Жер қойнауын пайдаланушылар қатты пайдалы қазбалар саласындағы уәкілетті органға тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық және бес жылдық бағдарламаларын, сондай-ақ жоспарланып отырған сатып алу туралы ақпарат беруге міндетті болады. Тергеу изоляторындағы медициналық ұйымдарда күдіктілер мен айыпталушылар ауру түрлері бойынша іріктеп жатқызылады Бұдан бөлек ерлер мен әйелдер, кәмелетке толмағандар мен ересектер бөлек ұсталады. Аса ауыр және ауыр қылмыстар жасады деп күдіктілер мен айыпталушылар оқшау ұсталады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!