Фото: stan.kz
Төтенше жағдайлар министрлігі 31 наурыз күні кешке елдегі су тасқыны жағдайына қатысты ақпарат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Су тасқыны Қазақстанның 12 облысында – Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстарында тіркелді.
Бұл аймақтардан 12 701 адам, оның ішінде 4 728 бала эвакуацияланғаны айтылады.
Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері ТЖМ және әкімдіктердің күшімен 4,2 млн. астам м3 еріген қар суы (тәулігіне 474 мыңнан астам текше метр) сорылды, 263 мыңнан астам қапшық (тәулігіне 38 мыңнан астам) және 403 мың тонна инертті материал (тәулігіне 6 мыңнан астам) төселген.
Су шайған 39 автожол, оның ішінде 1 көпір және 38 жол төсемі бақылауда.
“Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарында жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған 53 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды”, – делінген ақпаратта.
Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, ҚМ, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 6 930 адам, 1 895 техника, 772 су айдау құралы және 68 жүзу құралы, 8 әуе кемесі жұмылдырылған. «Жедел желі» телефондарына 592 қоңырау келіп түсті, 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмысын жалғастыруда.
Еске салайық, осы аптада Қазақстанда су тасқыны болды. Елдің алты облысында төтенше жағдай жарияланды. Үкімет бұл Қазақстандағы соңғы жылдардағы ең ірі су тасқыны екенін мәлімдеді. Өңірлерде халықты эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. ҚР төтенше жағдайлар министрлігі сенім телефондарын іске қосты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!