Фото: Kazinform/Midjourney

Бүгін, 18 шілде күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

54 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының аппарат жетекшісі Әлия Қайратқызы ҒАЛЫМОВА дүниеге келді.

фото: ortcom.kz

Павлодар қаласында туған. 1987-1992 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінде Саяси-әлеуметтік пәндер оқытушысы мамандығы бойынша білім алған. Тарих ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолы: 1992-1994 жылдары Павлодар қаласындағы Қазақ-Герман техникалық бизнес колледжінде тарих пәнінің мұғалімі, 1995-2003 жылдары С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мұғалімі, 2000-2003 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мұғалімі, 2003-2008 ҚР Президенті Әкімшілігінде бас сарапшы, бөлім меңгерушісі, әлеуметтік-саяси бөлімі басшысының орынбасары, 2008-2010 ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2010-2012 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, 2012-2015 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы болып қызмет етті. 2015-2016 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2016 жылы «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі қызметінде болды. 2016-2019 жылдары ҚР Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы, 2019-2020 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы лауазымын атқарған.

2020 жылдан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарімен марапатталған.

37 жыл бұрын (1987) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы Асат Болатұлы НҰРПЕЙІСОВ дүниеге келді.

календарь
Фото: qr-pib.kz

2010 жылы Прагадағы Нью-Йорк университетін «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша, 2012 жылы Еуропалық бизнес мектебін бітірген, MSc Global Banking and Finance «Халықаралық банк ісі және қаржы» магистрі.

Еңбек жолы: 2012-2015 жылдары KPMG Tax and Advisory менеджмент консалтингінде жұмыс істеген. 2015-2016 жылдары Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінің басқарма басшысы, ҚР Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі, 2016-2017 жылдары «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Корпоративтік қаржы департаментінің директоры, 2018-2019 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Жобалық басқару орталығының бас инспекторы, меңгерушінің орынбасары, меңгерушінің міндетін атқарушы, 2019-2022 жылдары ҚР Ұлттық Банкі Төрағасы аппаратының басшысы лауазымын атқарған. 2022-2023 жылдары Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы, 2023-2024 жылдары ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып қызмет етті.

Қазіргі қызметін 2024 жылғы ақпаннан бастап атқарып келеді.

80 жыл бұрын (1944-2020) қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дирижер әйел Раиса Құдайбергенқызы САДЫҚОВА дүниеге келді.

календарь
Фото: facebook.com/gatobabay

Алматы облысының тумасы. Алматы музыка колледжін, Алматы консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы), Н.Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург консерваториясын бітірген.

1964-1975 жылдары қазақ ұлттық аспаптық оркестрінің әртісі болып жұмыс істеді. Ұзақ жылдар бойы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері болды.

63 жыл бұрын (1961-1999) актер, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сағи Асанәліұлы ӘШІМОВ дүниеге келді.

календарь
Фото: wikipedia.org

Алматы қаласында туған. Алматы театр және кино институтын бітірген.

Кинодағы ең алғашқы рөлі – «Өз дәніңді өсір» фильміндегі Қалам. Кейін «Мазасыз балалардағы» әкім, «Ойлануға бір айдағы» Арыстан, «Қаралы сұлудағы» қызметші, «Айсұлу жайлы аңыздағы» Тәуекел хан, 4 сериялы «Шоқан Уәлиханов» телефильміндегі Шоқан, қазақтың тұңғыш көпсериялы «Тоғысқан тағдырлар» телефильміндегі Темір Сабыровтың рөлдерін сомдаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!