Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры маймыл шешегіне қарсы вакцина әзірлеуге дайын екендерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күнсұлу Зәкарияның айтуына қарағанда, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты Poxviridae вирустар тобын талай жылдан бері зерттеп келеді. Оның ішінде Capripoxvirus тармағы да бар. Бұл тармаққа қой мен ешкі шешегі, терідегі түйінді бөртпе кіреді. Сондай-ақ тауық, көгершін, сиыр, түйе және маймыл шешегі кіретін Avipoxvirus тармағы да аталмыш институттың үнемі назарында болғанға ұқсайды. «Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қой шешегіне, ешкі шешегіне, терінің түйінді бөртпесіне, түйе шешегіне, тауық шешегіне қарсы вакциналар әзірленді.

Олар Қазақстаннан бөлек посткеңес елдері ветеринария саласында кеңінен қолданылып жүр. Институт өзінің 63 жылдық тарихында аса қауіпті инфекциялық аурулардың республикалық депозитариін қалыптастырған. Ол қорда түрлі жануарлардың шешек сынамалары да сақталған», – деді ғалым ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Институттың бас директоры қазір елдің назары ауып тұрған маймыл шешегіне қарсы вакцина жасау мүмкіндіктеріне тоқталды. «Шешек вирусымен жұмыс істеп және шешек ауруларына қарсы екпе жасап жинаған тәжірибеміз болғандықтан, біздің институтта маймыл шешегінен қорғайтын вакцина жасау бойынша зерттеу жүргізудің бүкіл мүмкіндіктері бар», – деді Күнсұлу Зәкария.

Сондай-ақ аталған вакцинаны жасап шығару үшін арнайы ғылыми-зерттеу бағдарламасы қажет екенін айтты. Ол бағдарламаны мемлекет қаржыландырып, тапсырма беру арқылы қолдау көрсетуі қажет көрінеді. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы деректері бойынша, Қазақстанда маймыл шешегінің ықтимал фактілері тіркелмеген.

Ал Күнсұлу Зәкария басқаратын Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ұжымы «QazVac» атты COVID-19 инфекциясына қарсы отандық вакцинаны жасап шығарғанын қазақстандықтар жақсы біледі. Елімізде осы отандық вакцинаның 500 мың дозасын шығару мүмкіндігі бар. қазір аталған вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркеуінен өткізу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!