Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов депутат Юлия Кучинскаяның “министрліктің мұғалімдерге 30 миллиард теңге қарыз, жалақылары кешіктіріліп жатыр” деген сынына жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, мұғалімдерге берілетін төлемдер жергілікті атқарушы органдардың тікелей құзыретіне жатады. Мұғалімдерге, балабақша тәрбиешілеріне барлық төлемді оқу-ағарту министрлігі жасамайды.
“Сондықтан республикалық орталық органның мұғалімдерге тікелей қарызы бар деп айту мүлдем дұрыс емес. Құзіреттіліктің бөлінуін біліп, мұндай сөз қандай мақсатпен айтылатынын білмеймін. Барлығы бұрыннан барлық құжатта бекітілген», – деді ведомство басшысы.
Аймағамбетовтың сөзінше, ведомство бақылау функцияларын атқарады. Жағдайды мониторингілеу кезінде министрлік бірқатар өңірде төлемдер кешіктірілгенін анықтаған.
«Кешіктіру барлық аймақта болған жоқ. Кейбіреуінде төлемге қатысты проблемалар болды. Егер жағдай барлық жерде болса, онда орталық органның проблемасы деп айтуға болады. Біз жергілікті органдардың сомасын анықтадық. Оларда мұғалімдерге төлем жасауға ақша бар, бірақ бюджеттегі түзетулерге байланысты кідіріс болған. Қазір төлемдер жүріп жатыр, кешегі күнге 8 миллиард теңге қалды. Біз жағдайды бақылап отырмыз», – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетсек, бұған дейін мәжіліс депутаты Юлия Кучинская қазақстандық мұғалімдердің бір бөлігі мамыр айының жалақысын ала алмай жүр деген болатын. Ал еңбек демалысы мен сауықтыру ақысы бойынша берешек 30 миллиард теңгеге жеткен.
Оның айтуынша, соңғы күндері депутаттардың атына мектеп мұғалімдерінен арыз-шағым көп түседі. Мемлекет жалақы, еңбек демалысы және сауықтыру ақысы бойынша ұстаздарға берешек болып қалған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!