Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі де қасиетті күн.


Тәуелсіздікке жету жолындағы ең алғашқы батыл қадам Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануы болды. Бұл контитуциялық емес, саяси акті ғана еді, одан дербес мемлекет туындамады. Сөйтсе де, бұл қадам болашағы бар қоғамдық өмірдің белсенділігіне ақ жол ашты.


Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауы маңызы зор тарихи оқиға. Ол өз жерінде толық өкімет билігін, ішкі және сыртқы саясатты өздігінше белгілеудің және жүргізудің кепілі еді.


Тәуелсіз Қазақстанда бір жыл орасан зор револоциялық жаңғырту шаралары жүзеге асырылды. Қоғам өмірін демократияландыру, меншік формаларының сан алуандығын қалыптастыру процесі басталды. Бұл – өтпелі кезең бастамасы еді.


Білім, ғылым, денсаулық сақтау және мәдениет мәселелері тәуелсіздік жағдайында айрықша күн тәртібінде тұрды. Білім беру саласында қысқа мерзімде бірнеше оқу орындары, соның ішінде жаңа университеттер ашылды.


Мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін тиянақты ету үшін «Ұлттық ұлан» жасақталды. Қазақстан жерінде орналастырылаған стратегиялық ракеталарға берік бақылаудың шаралары белгіленді. Әскери құрамалардың барлығы және олардың мүліктері, Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанның қарамағына өтті. Тұңғыш рет адамның ғарышқа ұшқанынан 30 жыл өткен соң, көне бабалар жеріндегі Байқоңырдан 1991 жылы бірінші қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшуы еліміздің қоғамдық саяси өміріндегі маңызды оқиға болды.


Қазірде Қазақстан дүниежүзілік қауымдастыққа белсенді түрде еніп, оның ішінде Еуропа елдерімен де тең құқықтық қатынастар орнатып отыр.


Елтаңба, Ту, Әнұран сияқты өзінің мемлекеттік рәміздерін бекіту және ұлттық валютамыз теңгені айналымға енгізу жөніндегі шаралар жас тәуелсіз мемлекеттің егемендігін нығайту жолында жасаған маңызды қадамдар еді. Осының бәрі тәуелсіздікті нығайтудағы қол жеткен ізгі нәтижелер.
1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылдан бері міне 30 жылдан аса уақыт өте шықты. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Мемлекетіміз осындай уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, құқықтық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңдағы негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел.


Қазақстан үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны анық.

Ұзақбай ОРАЗГЕЛДІ,

Қызылорда облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!