Әйелдердің 35 жастан кейін бала туу көрсеткіші екі есеге жуық азайды. Бұл туралы Қазақстандағы ЮНФПА-ның жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі жобасының үйлестірушісі Гаухар Абуова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атап айтқанда, бала туу көрсеткіші халық санының өсуі тұрғысында жеткілікті болып тұр. Сонымен қатар, демографиялық есептеулер аясында келер 20 жылда осы көрсеткіш тұрақты болуы мүмкін. Дегенмен, тұңғыш баласын әйелдердің біраз жасқа келгеннен кейін ғана өмірге әкелуі үрдісі байқалып отыр. Мұнымен қоса, отбасылар аз бала санымен ғана шектелетін жағдайлар жиілей бастады», – деді Г. Абуова отбасы, демография және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми конференция барысында.

Оның айтуынша, бұл тұрғыда белсенді бала туу жасы кейінгі уақытқа өзгере бастады.

«Осы орайда бізде белсенді бала туу жасы 25-30 жас кезеңіне ауысып жатыр. Ал 35 жастан кейін біз бала туу көрсеткішінің екі есеге жуық төмендегенін байқап отырмыз», – деді Г. Абуова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 17 қарашада елордада Отбасы, демография және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми конференция басталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!