2020 жылғы 29 маусымда тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданды. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді.
Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінде мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттеу көзделген.
Кодекс жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын жүзеге асырумен байланысты мемлекеттік және мемлекеттік емес субъектілердің кез-келген әрекеттеріне қолданылады.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу болып табылады.
Сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндікті қамтамасыз етуге міндетті.
Әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Сотқа дейінгі реттеу тәртібі әкімшілік орган мен арызданушының арасындағы дауды өзара шешуге қосымша мүмкіндік береді. Әкімшілік актілердің күшін жоюдың жаңа ерекше тәртібі бекітілген. Заңсыз қолайлы әкімшілік актінің күшін жойған кезде әкімшілік рәсімге қатысушының сенім құқығын қорғау қағидаты назарға алынады.
Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексімен жаңа қағидаттар енгізілді: құқықтар басымдығының қағидаты, заңдылық қағидаты, сенім құқығын қорғау қағидаты, соттың белсенді рөлі, сот актілерінің міндеттілігі, т.б.
Сенім құқығы заңсыз әрекеттер жасауға негіз бола алмайды. Әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, міндет жүктеуіне тыйым салынады.
Әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар, құжаттар мен мәліметтер анық деп есептеледі.
Олардың төлнұсқалығына күмән болған кезде әкімшілік орган, лауазымды адам оларды дербес тексере алады.
Кодекс азаматтардың құқығын қорғаумен қатар мемлекеттік орган мен жеке және заңды тұлғалар арасындағы туындаған дауларда теңсіздікті жоюға бағытталған.
Сондықтан, әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлі қағидаты кеңінен қолданылады.
Соттар өз бастамасымен қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинап және әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттей алады.
Судья әкімшілік іс бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Сот процесінің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетуге міндетті. Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болып табылса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинай алады.
Осы Кодекспен сот актілерін орындамау процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға алып келеді. Яғни, соттар әкімшілік істер бойынша белгіленген жағайдаларда ақашалай өндіріп алуды қолданады.
Соттың шешімін, тараптардың татуласу, медиация тіртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы сот ұйғарымын орындамағаны үшін жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады.
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының жетекші маманы А.Өміртай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!