2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік процестік кодексі мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттеп отыр.

Ал, мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.

Аталған кодекстің 2-тарауында Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері мен қағидаттары көзделген.

Әкімшілік рәсімдердің міндеттері: жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету, мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау, жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.

Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу – заңдылық қағидаты, әділдік қағидаты, құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау, мөлшерлестік, әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері, құқықтар басымдығының қағидаты, сенім құқығын қорғау, формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, анықтық презумпциясы, соттың белсенді рөлі, әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі және сот актілерінің міндеттілігі қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады.

Бірінші сатыдағы сот әкімшілік істер бойынша сот актілерін шешімдер және ұйғарымдар нысанында қабылдайды. Апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар сот актілерін қаулылар және ұйғарымдар нысанында қабылдайды. Заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ соттар мен судьялардың сот төрелігін іске асыру кезіндегі өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары мен басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты конституциялық емес деп таныған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген сот актілері орындалуға жатпайды.Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді.

Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс. Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады.Соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау даусыз тәртіппен осы Кодекстің 127-бабының тоғызыншы бөлігінде белгіленген мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді. Сот актісінің міндеттілігі әкімшілік процеске қатыспаған мүдделі тұлғаларды бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырмайды.

Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Айгерім Сырымбетова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!