Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы бірнеше рет ірі мөлшерде алаяқтық жасаған 3 сотталушыға қатысты қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды.
Сотталушылар бөтеннің мүлкін алдау арқылы жымқыру ниеттері туындап, мемлекет тарапынан жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін бастамашы ретінде бөлініп жатқан «қайтарымсыз грант» алып беруге және жаңадан салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйден пәтер алуға көмектесеміз деген жалған ақпараттарды «Whatsapp» желісі арқылы таратқан.
Сотталушылар алдау жолымен 22 жәбірленушінің ақша қаражаттарын қолма-қол және банк есепшоттарына аударту арқылы иемденіп алған. Ақша қаражаттарын өзара бөлісіп алған.
Сотталушылар сот отырысында кінәларін толық мойындап, істеген іс-әрекеттеріне шын ниеттен өкініп, кешірім сұрады.
Жәбірленушілер мүліктік шығынды өндіруді сұрады.
Сотталушылардың қылмыстық әрекеттері жәбірленушілердің жауаптарымен, беттестіру хаттамаларымен, ұсынылған түбіртектермен, банк есепшоттарының үзінділерімен және қылмыстық істегі өзге де құжаттармен дәлелін тапқан.
Аталған қылмыстық іс бойынша жалпы сомасы 16 040 000 теңге азаматтық талап берілген.
Сот үкімімен сотталушылар ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1) және 4)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалды.
Азаматтық талаптар қанағаттандырылды.
Азаматтық талаптар бойынша сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ерікті түрде орындау үшін 1 ай мерзім белгіленді, орындалмаған жағдайда көрсетілген мерзім өткеннен кейін сот үкімі азаматтық талап бөлігінде мәжбүрлеп орындауға жіберілетіндігі түсіндірілді.
Сотталушылардың апелляциялық шағымдары облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралды. Қарау қорытындысы бойынша үкім азаматтық талап бөлігінде бір жәбірленушіге қатысты өзгертіліп, үкімнің жаза тағайындау бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!