Алматы» телеарнасының мәліметінше, ұлт ұстазының 150 жылдығында көпті қуантқан жаңалықты ахметтанушы ғалымдар сүйіншілей хабарлап отыр. Оның үстіне бұл жағымды жаңалықтың ұлттық домбыра күнімен тұспа-тұс келгені тағы бар. Байтұрсынұлынан жеткен бағалы мұралардың қатары көп емес. Ағартушы атында мұражай-үй болғанымен, ондағы тек санаулы экспонаттың Ахмет дәуірінен жеткені көпке мәлім. Әуелі ахметтанушыларды, кейіннен күллі қазақты қуантқан қара домбыра бұған дейін қолдан қолға өтіп, сақталып келіпті. Енді Ахаңның өзі ұстап, көзі көрді деген азын-аулақ мұраның қатары оның қолы тиген домбырасымен толықпақ.

«Ахметтің туыстары сол домбыраны да сақтауға қорыққан ғой негізі. Сөйтіп бір қолдан екінші қолға өтіп кеткен. Негізі жиенінде болған, Ахметтің қарындасы Зейләштан туған Бәкібай ағай Бейісовтер отбасы күні кешеге дейін сақтап келген де, кейін 1956 жылы қайтадан бұл кісілердің соңына түсе бастаған кезде өздерінен туған жиеншарға беріп жіберген екен. Қайта қалпына келтіргеннен кейін мына 150 жылдықтағы үлкен бір тосын әрі тарту сыйымыз сол Ахметтің қолы тиген домбыра болады», – деді ахметтанушы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет.

Құнды жәдігер Ахаң өмірден өткен 85 жылда әр адамның аманат етіп тапсыруымен бүгінге жетіп отыр. Әзірге домбыраға қатысты толық ақпар жоқ. Бет қақпағы бүлініп, құлақ, ішегі жоғалған екен. Мұра мамандар қолынан өтіп, қайта қалпына келтіріледі. Содан соң көптің назарына ұсынылмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!