Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің 23-тарауында алиментті сот тәртібімен төлеттіру және өндіріп алу тәртібі көзделген.

Алименттер – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражатАталған кодекстің 163-бабында алиментті сот шешімі бойынша өндіріп алу айқындалған.

Осы Кодекстің 143-155-баптарында аталған отбасы мүшелері алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде алимент өндіріп алу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.

Алимент алуға құқығы бар адам, егер бұрын алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төленбеген болса, алимент алу құқығы туындаған кезден бастап өткен мерзімге қарамастан, сотқа алимент өндіріп алу туралы өтініш жасауға құқылы. Алимент сотқа өтініш жасалған кезден бастап тағайындалады.

Егер сотқа өтініш беруден бұрын күтіп-бағуға қаражат алу шаралары қолданылғанын, бірақ алиментті төлеуге міндетті адамның оны төлеуден жалтаруы салдарынан алимент алынбағанын сот анықтаған болса, сотқа өтініш жасалған кезден бастап үш жыл мерзім шегінде өткен кезеңге алимент өндіріп алынуы мүмкін.

Алимент төлеуге міндетті адамның жұмыс орны бойынша ұйымның лауазымды адамы осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде төленген күнінен бастап алуға жататын оның жалақысынан және өзге де кірісінен оны алимент төлеуге міндетті адамның есебінен жалақының және өзге де кірістің төленген күнінен бастап үш күн мерзімнен кешіктірмей төлеуге немесе аударуға міндетті.

Төлеушіден ұсталған, бірақ алушыға уақтылы аударылмаған алиментті төлеуді кешіктіргені үшін жауапкершілік ұйымның лауазымды адамына жүктеледі.

Сот шешімі немесе осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісім негізінде алиментті ұстап қалатын ұйымның лауазымды адамы алиментті өндіріп алу туралы шешімнің орындалатын жері бойынша сот орындаушысына және алимент алушы адамға алиментті төлеуге міндетті адамның жұмыстан босағаны туралы, сондай-ақ, егер бұл өзіне белгілі болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұрғылықты жері туралы үш күн мерзімде хабарлауға міндетті.

Алимент төлеуге міндетті адам сот орындаушысы белгілеген мерзімде осы сот орындаушысына және сондай-ақ алимент алушы адамға жұмыс орнының немесе тұрғылықты жерінің өзгергені туралы, ал кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеген кезде қосымша табысының немесе өзге де кірісінің болуы туралы хабарлауға және хабарлағаны туралы растама алуға тиіс.

Алимент төлеу туралы келісіммен немесе сот шешімімен белгіленген мөлшерде алиментті өндіріп алу, сондай-ақ алимент бойынша берешекті өндіріп алу алимент төлеуге міндетті адамның табысынан және өзге де кірісінен жүргізіледі, табысы және өзге де кірісі жеткіліксіз болған кезде алимент сол алимент төлеуге міндетті адамның банктердегі шотындағы және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын өзге де ұйымдардағы ақшалай қаражатынан ұсталады. Бұл қаражат жеткіліксіз болған кезде ол алимент төлеуге міндетті адамның заң бойынша өндіріп алуға болатын кез келген мүлкінен өндіріп алынады.

Алимент төлеуге міндетті адамның шотындағы ақшалай қаражатынан және оның өзге де мүлкінен алимент өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

Алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты не осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісім табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі. Алимент төлемдерiн жалақыдан немесе өзге де кірістерден қатарынан үш ай бойы өндiрiп алу мүмкiн болмаған кезде борышкердiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндiрiп алуға болмайтын мүлкінен басқа мүлкiнен өндiрiп алынады.

Атқару құжатының негізінде немесе осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісімнің негізінде алимент ұстап қалу алиментті төлеуге міндетті адамның іздестірілуіне байланысты жүргізілмеген жағдайларда, осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімге қарамастан және күтіп-бағуға алимент тағайындалған адамның кәмелетке толғанына қарамастан, алимент бүкіл кезең үшін өндіріп алынады.

Осы Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның жалақысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаса, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады.

Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдар үшін, егер борышкер осы кезеңде жұмыс істемеген болса, алимент бойынша берешек бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айқындалады.

Мүгедектігі бар адам болып табылатын борышкерлер үшін ай сайынғы төлем немесе алимент бойынша берешек – олардың ай сайынғы жалақысынан және өзге де кірісінен, ал егер олар жұмыс істемейтін жағдайда бюджет қаражатынан және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ай сайынғы жәрдемақылардан және (немесе) әлеуметтік төлемдерден айқындалады.

Жалпы, алимент мәселесін сотқа жүгінбей-ақ та шешуге болады. Заңда алиментті төлеуге міндетті адам мен оны алушының арасында, алименттің мөлшері, оны төлеудің шарттары мен тәртібі туралы алименттік келісім жасау мүмкіндіктері көзделген. Мұндай келісім жазбаша нысанда жасалады және ол нотариуспен куәландырылуға тиіс.Біздің қоғамда дауды тек сотқа жүгіну арқылы шешуге болады деген ұғым қалыптасқандай. Қандай-да бір дау туындаған жағдайда бірден сотқа жүгінеді. Сотқа жүгінгеннен кейін, жаңағы айтқанымдай, мейлі ол алимент өндіру мәселесі болсын, тараптардың арасында бір-біріне деген ашу-ыза, жек көрініштілік пайда болады.

Балаларды тәрбиелеу, өсіріп, жетілдіру әрбір ата-ананың басты міндеті. Бұл міндеттен ешкімде қашып құтыла алмайтындықтан екеуара келісіп, алименттік келісім жасаған дұрыс. Бір жағынан бұрыңғы қарым-қатынасты сақтап қалса, екіншіден оны төлеу жағы да өздеріне ыңғайлы ретте орындалады.

Жасалған алименттік келісім орындалмаған жағдайда, өндіріп алушы Азаматтық процестік кодексіне сәйкес сот бұйрығын шығару туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

Жаңақорған аудандық соты әкімшісінің бас маман-сот отырысының хатшысы Б.Қалдыбаев

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!