Соңғы уақытта медиа-қоғам мен интернет-қауымдастық өкілдері Қазақстандағы әлеуметтік желіні пайдалану алгоритмін сынға алғанын жиі естиміз. Байқасақ, себебі де жоқ емес секілді. Мәнісі – мемлекет тарапынан БАҚ-тың баламасына айналған әлеуметтік желі мен сайттардағы контентті талдау осалдығы, ақпараттық қауіпсіздік деңгейінің төмендігі. Себебі осы олқылықтың салдарынан елдегі жалған ақпарат, шетелдік теріс саяси идеология, діни жат ағымдардың насихаты интернет-әлемде белең алуда. Тіпті жыл басында орын алған оқиғаның ушығуына ғаламтордағы жалған ақпарат пен үндеу әсер еткені жасырын емес. Мұның барлығы қоғамның ақпараттық қауіпсіздік турасында сауатты болуын қажет ететінін көрсетті.
Сөз бостандығы мен ақпарат еркіндігі жайында ой айтарда, аталған саладағы мүдделер қақтығысы мен «жұмсақ күштердің» ниетін қаперге алу маңызды. Демократиялық құндылық, құқықтық даму деген ұранмен әлеуметтік желідегі арандату, ақпараттық билікті уысында ұстау әрекеті байқалатынын көріп жүрміз. Әрине, бұл Қазақстанда ғана білінетін үрдіс емес, дегенмен елдегі ақпараттық шабуылдың көрінісі күдікті ойға жетелейді…
Ғаламтор кеңістігіндегі ақпараттың үлес салмағы дәстүрлі БАҚ-тан әлдеқайда артық. Осы орайда оқырманның жағдайдың нақтылығы мен дереккөзін дәл беретін дәстүрлі БАҚ-тан алыстап, мәліметті интернеттен іздеуге үйір болуын мамандар түрліше түсіндіреді. Бірі «радио пайда болғаннан кейін газеттердің дәуірі аяқталып, теледидардың пайда болуы газеттер мен радионың жұмысын тоқыратады» деген тұжырым айтса, енді бірі жағдайды технологиялық мүмкіндіктің жаңа сатыға көтерілгенімен байланыстырады. Қалай болғанда да интернет күнделікті ақпарат көзіне айналғаны анық. Сондықтан ондағы ақпараттың нақтылығы, құрылымы мен бағыты турасында бір сәт ойланып қойған артық етпейді. Себебі әлеуметтік желі мен ғаламтордан тексерілмеген шикі ақпараттың құрбаны болған қоғам экономикалық-саяси өзгерістерді теріс қабылдайтын деңгейге өтуі ықтимал. Оның үстіне шетелдік саяси топтар, қаржылық алаяқтықпен айналысатын ұйымдардың да арандату бағытындағы ақпараты әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Өз кезегінде мұның барлығы ақпараттық қорғанысы әлсіз желі қолданушысын уысына түсіруге талпынатыны сөзсіз. Сондықтан әлемдік қауымдастықтар, мемлекеттер өзіндік ақпараттық қауіпсіздік заңы мен тұжырымдамасын әзірлеп, қауіпсіздіктің жаңа деңгейін қалыптастырып үлгерді.
Қазақстан ақпараттық қауіпсіздік саласында нәтижелі жұмыс істеуде. Мысалы, жақында ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлау үшін киберполигон құру да жоспарлануда. Ал 2021-2022 жылғы оқу жылында «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім гранттарының саны 2632-ге дейін артқан. Мұндай қадамның қауіпсіздік үшін маңызды екенін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек былайша жеткізеді:
«IT саласы өте жылдам дамып келеді, ақпараттық қауіпсіздік те бәрін қуып жетіп келеді, сондықтан адам өз саласының нағыз маманы атану үшін ЖОО білімі жеткіліксіз және қайта даярлау қажет. Біз ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандар кезең-кезеңімен жаңа сын-қатерлерге дайындықтан және қайта даярлаудан өте алатын алаң құрамыз».
Соңғы уақытта әлемдегі ақпараттық соғыстың мазмұны сан құбылды. Адамдардың салқынқанды ойлай алмауы, ақпаратты тексеруге құлықсыздығы, жалған ақпаратты бөлісуге құмарлығы жағдайды шиеленістіре түсуде. Әрбір желі қолданушысы өзіне келген мәліметті талдап, таратар алдында дұрыстығы мен мәнін түсінер болса, жағдай анағұрлым оңалар еді. Осы тұста жергілікті медиа-тренер, цифрлық қауіпсіздік саласының маманы Ерболат Тұрсынқожаға «әлеуметтік желі мен ғаламторда өзіңді қауіпсіз сезінудің қандай жолы бар?» деген сауал жолдаған едік. Маман желі қолданушысына қажетті құнды пікірмен бөлісті:
«Халық үшін интернет, әлеуметтік желілер ең қолайлы коммуникация құралына айналды. Десе де, қазақ қоғамында мұндағы ақпараттың теріс немесе пайдалы-пайдасыз екенін саралайтын иммунитет қалыптасып үлгермеді. Әрине, бұл бағамдау қабілеті әр азаматта әртүрлі деңгейде болғанымен, әрбірі ие болу қажет дағды. Әлемде ақпараттық майдан жүруде. Түрлі мәдени ықпал, саяси өзгеріс адамдарды неге сендіргісі келсе, сол бағытта ақпарат тарату арқылы ойға алған мақсатын орындауда. Ал бұл құрыққа түспеу үшін бірнеше кеңеске құлақ асса жеткілікті.
Ең бірінші, ақпараттық кеңістігіңіздің мазмұнына маңыз беріңіз. Сіз әлеуметтік желіде қай қолданушының жазбасын көп оқысаңыз, көзқарасыңыз сол кісімен шамалас болатынын ұмытпау керек. Қаншалықты объективті ойлау дағдысы қалыптасқан адам болсаңыз да, күндердің-күнінде сол кісіден үздіксіз естіген ақпараттың құрбаны боласыз. Егер олар ақ түсті қара десе, уақыт өте сіз де ақ түсті қара деп қабылдауыңыз бек мүмкін. Әрине, бұл символикалық мысал. Сондықтан ақпараттық кеңістікке мән беру абзал.
Екіншіден, кез келген жаңалықты бөлісуге асықпаңыз. Әрбірін әбден елеп-екшеп, шындығына көз жеткізу керек. Мұнымен шектелмей, әлеуметтік желіде пікір білдіріп, ақпарат таратарда «бұл ақпарат қоғам мен ел тыныштығын бұзбай ма?» деген сауалға жауап іздеу шарт. Себебі алауыздықты тудыратын әрекет жазасыз қалмайды. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Атырау қаласының тұрғыны әлеуметтік желідегі «смайлигі» үшін 1 жылға бас бостандығынан шектелгені бар. Оның айыбы Facebook желісінде лаңкестік ұйымның ақпаратын өзінің парақшасына бөлісіп, тақырыбына «ойланып тұрған» белгі қалдырған екен. Сондықтан әлеуметтік желідегі ақпаратпен бөлісу, пікір білдіруге бей-жай қарауға болмайды», – дейді маман.
P.S. Бүгінде әлеуметтік желі қоғамның байланыс ғана емес, ақпарат көзіне де айналған шақта бақылаудың күшейгені түсінікті. Алайда ақпараттық кауіпсіздік бақылау арқылы орнамайды. Ол әрбір азаматтың жауапкершілігі мен әлеуметтік желі этикасы, ғаламторды қолдану сауаты нәтижесінде орын алмақ.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!