Қолымыздағы кез келген банкнотты алып қарасақ, оның физикалық тұрғыдан жай ғана қағаз екенін аңғарамыз. Ендеше өз-өзінен бір сұрақ туады: егер ақша қағаз болса, адамзат неге барлық кедейлікті бір сәтте-ақ жойып жібере салмайды? Неге банктер қалаған уақытта ақша басып шығарып, ададмдарды төмен тұрмыстан құтқармайды? Бұл сұрақтың түбінде тек экономика заңдылығы ғана емес, адам психологиясы, қоғамның даму логикасы мен нарықтың қатаң тепе-теңдігі жатыр.

Бір қарағанда бәрі өте қарапайым: ағаштан қағаз, қағаздан ақша жасалады. Демек көбірек басып шығаратын болсақ, молшылық келеді. Бірақ шынайы өмірде ақша тек банкнот немесе металл тиын емес, ол – құндылыққа деген сенім. Егер ақша ештеңеге негізделмей көбейе берсе, оның құны да солай төмендейді. Мұны экономиканың айнымас заңы деп білейік.

Ақша су сияқты, көп болғаныменыдыс болмаса төгіліп қалады. Нарықтағы «ыдыс» – өндіріс, қызмет, технология, нақты еңбек. Ал олардың көлемі артпай жатып ақша көбеюі бағаның шарықтауына, инфляцияға, кедейдің одан әрі кедейленуіне әкеледі деген сөз. Осы себепті мемлекеттер банкнотты қалағанынша көбейте алмайды, өйткені оның ар жағында қоғамның экономикалық тұрақтылығы тұрады.

Ендеше ақша жай ғана зат емес, экономикалық экожүйенің мүшесі. Ал бұл жүйе тепе-теңдікті қажет етеді.

Кедейлік неге жойылмайды?

Кедейлік тек ақша жетіспеушілігінен туындайтын жағдай емес. Ол бірнеше фактордың күрделі әрекеттесуі нәтижесінде пайда болады. Мәселен, адамның білім деңгейі маңызды рөл атқарады. Білімді адам өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, табыс табу жолдарын оңай табады, ал білімсіз адам үшін бұл әлдеқайда қиын болады. Сонымен қатар тұратын аймақтың дамуы мен мүмкіндіктері де шешуші фактор. Кейбір өңірде жұмыс орындары аз, инфрақұрылым дамымаған, ал кейбір жерлерде керісінше көптеген мүмкіндік бар екенін ескерейік. Нарықтың құрылымы мен экономикалық жүйе де маңызды. Егер нарықта кәсіпкерлік, өндіріс немесе қызмет көрсету салалары дамымаған болса, адам қанша ақша алса да өмір сүру деңгейі жақсармайды. Технология мен ақпаратқа қол жеткізудің мүмкіндігі де әсер етеді. Қазіргі заманғы технологияларды қолдана білмеген адам өз табысын көбейте алмайды. Сондай-ақ жеке адамның қаржылық мәдениеті, яғни ақшаны тиімді басқару қабілеті, үнемдеу дағдылары мен инвестиция салу білімі де кедейлікті жеңуде шешуші рөл атқарады. Сондықтан тек ақша басып шығару арқылы кедейлікті жою мүмкін емес. Егер бұл жолмен мәселе оңай шешілетін болса, әлем қазірге дейін кедейліктен толық арылған болар еді.

Финанстық құрдымнан сақтайтын 5 лайфхак

Ақша қағаз болғанымен, оны ұстап қалу үлкен өнер. Қалай десек те қаржылық сауаттылық бүгінгі қоғамның ең қажетті дағдыларының біріне айналды.

Біріншіден, ақшаның қайда кетіп жатқанын есептеу керек.

Көп адам ақшаны жоғалтпайды, тек байқамай шашады. Ай сайынғы шығынды жазып жүру – үнемдеудің ең қарапайым әрі тиімді әдісі. Қай жерде қажетсіз шығын бар екенін бірден көресіз.

Келесі лайфхак – «алдымен өзіңе төле» қағидасы.

Жалақы түскен күні азық-түлік, коммуналды төлем, интернет тарифі және одан бөлек шығындарды өтеуге ақшаны бөліп қойыңыз.

Үшіншіден, эмоциялық сатып алулардан бас тарту, дәлірек айтқанда импульсивті тұрғыда сауда жасаудан аулақ болыңыз. Бір сәттік көңіл-күймен алынған зат көбіне қажетсіз болып шығады. Ал шыққан шығынның орнын толтыра алмайсыз. Оның үстіне, мұндай жоспардан тыс сауда сіздің финанстық тұрақтылығыңызға «төңкеріс» әкелуі мүмкін.

Төртінші пункт – тұрақты табыс көзін көбейту. Үнемдеу – тек ақшаны үнемдеумен шектелмейді, ол табысты арттыруды да қамтиды. Қосымша жұмыс, фриланс, шағын қызмет көрсету – бәрі де кірісті өсіруге мүмкіндік. Егер кәсіби салаңыздың жұмысы қауырт болмаса немесе моральды тұрғыда сізді шектемейтін болса, жоғарыда атап өткен қосымша табыс табу көздерін қолға алсаңыз болады.

Лайфхактар тізімін түйіндейтін келесі кеңес ұсақ шығындарға қатысты, яғни оларды бақылауда ұстау.

Иә, кофе, такси, тәтті бәліш күнделікті өмірдің бөлшегіне айналып кеткені рас. Елемейміз, бірақ ай соңында есеп жүргізгенде ең көп жұмсалған қаражат осы бір майда дүниелерді сатып алуға кеткен болып шығады. Қазір бір шынаяқ кофенің өзі жоқ дегенде мың теңгенің үстінде, ал тәттілерді айтпасақ та біліп отырған боларсыз. Әрине шамадан тыс шектеп тастауға болмайды, бірақ қалтаңа қарай көсілген де дұрыс болар, бәлкім.

Қорытындылай келе, ақша ағаштан жасалған қағаз болса да, байлық сол қағазда емес, оны сауатты тұрғыда жаратуда. Әлем кедейлікті ақша басып шығару арқылы жеңбейді. Бірақ әр адам өз қаржылық мәдениетін қалыптастыру арқылы өз деңгейінде әл-ауқатын жақсарта алады.

Сондықтан ең мықты инвестиция тек банкнот емес, оны басқару екенін есте сақтайық. Жүйе бәрімізді бай қыла алмайтын шығар, бірақ өзіміз өз қаржымызыды ұқыпты ұстасақ, жеке өміріміздегі кедейлікті жеңуге толық мүмкіндіктің болары анық.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!