ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева Армениядан әкелінген сары нөмірлі көліктің салығы қай елдің бюджетіне төленетінін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сары нөмір алып, уақытша тіркеуге тұрған армениялық көліктердің иелері Қазақстанның бюджетіне көлік салығын төлеуге міндетті екенін естеріңізге салғымыз келеді. Міндетті түрде көлік салығын төлейсіздер. Екі елдің арасындағы келісімге байланысты бұл көліктер Арменияда көлік салығынан бостаылады. Яғни, тек қазақстан бюджетіне ғана көлік салығын төлейді», – деді Айнұр Сартаева ведомство ұйымдастырған онлайн брифингіде.

Сондай-ақ, ол шетелден әкелінген көлікті алғашқы тіркеу алымы неге жоғары екенін түсіндірді.

«Алғашқы мемлекеттік тіркеу алымы көлікті тіркеген кезде төленеді. Тіркеу жасаған кезде ішкі істер органдарының өкілдері осы төлемді талап етеді. Байқасаңыздар, алғашқы тіркеу алымының құны көліктің шығарылған жылы ескірген сайын жоғары бола түседі. Зауыттан шыққанына 3 жылдан артық уақыт өткен шетелдік көлік әкелсеңіз, алғашқы тікреу алымы 1,4 млн теңгеден асады. Ал су жаңа көлік әкелсеңіз, тіркеу алымын төлемейсіз. Яғни, ескі көліктерді әкелмеу мақсатында осылай жасалған болса керек», – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!