Ата заң – алтын тұғырымыз. Конституция – халық пен биліктің арасындағы басты шарт. Ол – мемлекеттік құрылымды бекітуші, адам мен азаматтың құқықтарын жария етуші және қорғаушы басты құрал.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» – деген кіріспе сөздерден тұратын Ата Заңымыз қазақ жерінде өмір сүріп жатқан түрлі халықтардың бірлігін, ынтымағы мен татулығын сақтай отырып, олардың Конституция мен заңдардың алдындағы теңдігін, құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Ата Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет және оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып саналады.

Осы жылдар ішінде халықтың құқықтық сауаты да өсті. Мұны сотқа түскен арыз-шағымдар санының көптігінен де, сот отырысындағы азаматтардың сөз саптауынан да аңғару қиын емес. Бүгінгі күні дау-дамайлар заң арқылы шешілуде.

Еліміздің Ата Заңы азаматтардың сот төрелігіне еркін қол жеткізуін белгілеп, құқықтар мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына кепілдік береді. Ал, Конституцияның 7-бөлімінде соттар мен сот төрелігі жайлы, яғни, сот жүйесі мемлекеттік биліктің бір тармағы болып танылатыны айтылған. Осының өзі соттың ерекше мәртебиесін нақты айшықтайды.

Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады.Республиканың сот жүйесі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгіленеді. Қандай да бір атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді.

Осы жылдар аралығында еліміздің Конституциясына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заман талабына сай дамуға бет алған Қазақстан үшін уақыт ағымына қарай икемделіп отыру аса маңызды. Сондықтан да, Ата Заңымызға енгізілген түзетулер өзінің негізділігін әрі уақытылы қабылданғанын дәлелдеп келеді.

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 8 маусымдағы Заңымен Ата заңға 33 бабына 56 түзету жасалып, жаңадан 99-баппен толықтырылды.

Қорыта келе, 28 жылдық тарихында Конституция өзіне жүктелген үдеден шығып, елдегі теңдіктің, әділдіктің, қауіпсіздіктің кепілі бола білді.

Жаңақорған аудандық сотының әкімшісі Б.Нәлібаева

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!