Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру жайында түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің ауылдық аумақтарын және агроөнеркәсіптік кешенін дамыту ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауда бірінші дәрежелі рөл атқарады. 2019 жылғы 27 ақпанда Елбасының Nur Otan партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бастап «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру басталды. Жобаның мақсаты – ауылдағы өмір сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту. Қазіргі уақытта 6 316 ауылдық елді мекенде (АЕМ) 7,7 млн адам тұрады. Оның ішінде даму әлеуеті бар 3 561 АЕМ, соның арасында 1 173 тірек және 2 388 спутниктік АЕМ», – деп жазды Ә. Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру аясында 2019-2020 жылдары даму әлеуеті бар 243 ауылда 1 510 жоба (жолдар, әлеуметтік инфрақұрылым,ТКШ) іске асырылды, 15 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, 1,9 мың шақырымнан астам автожол, 0,7 мың шақырым инженерлік желі және 418 әлеуметтік нысан жаңғыртылды.

«Жалпы, республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі екі жылда 110 млрд теңгені құрады. Биыл 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру аясында «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға республика бойынша 361 жобаға 35,2 млрд теңге бөлінген болатын. Сонымен қатар, Nur Otan партиясының 135 млрд теңгеге 480 АЕМ жаңғырту бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын орындау мақсатында биыл маусым айында республикалық бюджетті нақтылау кезінде 779 жобаны іске асыруға қосымша 70,8 млрд теңге бөлінді. Осылайша, 2021 жылы нақтылауды ескере отырып, 480 АЕМ-де (323 тірек және 157 спутниктік) 1 140 жобаны іске асыруға 106 млрд теңге бөлінді», – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Қалған 29 млрд теңге сомасына қолдау таппаған жобалар «Нұрлы жер» Мемлекеттік бағдарламасы аясында (5,3 млрд тг. 34 жоба), Жұмыспен қамту жол картасы (1,7 млрд тг. 11 жоба), сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен (22 млрд. тг. 200 жоба) іске асырылуда. Бөлінген қаражат шеңберінде шамамен 12 мың жұмыс орны құрылды және 1,6 мың км автожол, 1,3 мың км инженерлік желі және 302 әлеуметтік объект жаңғыртылуда.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нұрлыбек Ожаев ауылды жерлерді қолдауға қатысты ұсыныстар айтқан болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!