Соңғы жылдары қазақ киносының жаңа деңгейге көтерілгенін туындылардың техникалық жаңалықтары, актерлық құрамы жағынан ғана емес, тақырыптық ерекшеліктерінен де байқауға болады. Аз ғана ғұмырында аңызға айналған Сидней Олимпиадасының чемпионы, қазақтың жарық жұлдызы Бекзат Саттарханов туралы тұңғыш автобиографиялық сериал – соның дәлелі.
Жақында Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртісі, кикбогсингтен Қазақстан Республикасының спорт шебері, «Бекзат» сериалында басты кейіпкерді ойнаған Самат Әзімқұловпен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Самат, сериалдағы басты кейіпкер Бекзат Саттархановтың рөліне қалай келдіңіз?
– Бұл фильмде басты рөлді сомдауға бала кезден дайындалдым. Өйткені Бекзат Саттарханов менің сүйікті спортшым, кумирім болған еді. Оның өмірімен оқушы кезімде танысып білдім, зерттеп жүрдім. Аңыз адамға еліктеп жүріп, неге осы бізде Бекзат туралы түсірілген бірде-бір фильм жоқ деп ойлайтынмын. Мына бір оқиға әлі есімде. 10 сыныпта оқып жүргенімде сыныптасым «Сенің кескінің Бекзатқа келеді ғой. Болашақта оған арнап фильм түсірілсе, сен ойнай аласың» деген еді. Кейін өзім де кумирімді ойнауды мақсат етіп, сол арманмен өнер академиясына актерлік бөліміне оқуға түскен едім. Араға бірнеше жыл салып арманым орындалды. Бала арманым десем болады. 2013 жылдан бері инстаграм желісінде Бекзат ағамыздың сурет, видеоларымен бөлісіп, насихаттап келемін. Қанша уақыт өтсе де, өмірім мен шығармашылығымда елеулі орын алатын, жаныма жақын образ осы Бекзат ағамыздың бейнесі болмақ. Сондықтан бұл жоба ешқандай қиындық тудырған жоқ. Ал рөлге келер болсақ, режиссердің өзі шақырып, ұсыныс жасады.
– Боксқа баруыңызға да Бекзат ағамыз себеп болған деседі…
– 2000 жылы 1 қазанда Бекзат ағамыз ресми түрде Олимпиада чемпионы атанды. Бұл күн әлі есімде. Себебі әкем екеуміз оның финалдағы жекпе-жегін бірге көрдік. Бекзат ағамыздың тұғырға көтерілгені, медальды алып жатқаны, әнұранның шырқалғаны әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кезде екінші сыныпта оқимын. Жиырма жасында әлемді мойындатқандықтан, сол сәттен бастап маған қызық бола бастады. Дүниеден өткен соң одан сайын Бекзатқа қызығып, еліктедім.
Осылайша менің спортқа деген құлшынысым пайда болды. Шымкент қаласындағы Шығыс шағын ауданында тұрдық. Әкем спорт кешеніне ертіп апарып, кикбокс үйірмесіне берді. 1999 жылдан 2009-ға дейін 2-11 сынып аралығында кикбоксингпен айналыстым. 2009 жылы жастар арасында ҚР спорт шебері атағына қол жеткіздім. Алайда сол жылы көзіме қатты соққы тигізіп алғаннан кейін дәрігерлер спортпен шұғылдануға тыйым салды. Содан кейін спорттан кетіп, толықтай өнерге бағыт бұрдым.
– Сериалдың түсірілімі кезінде қандай қиындықтар болды?
– Спорт шебері туралы туынды болғандықтан төбелес сахналарында кішігірім қиындықтар кездесті. Әсіресе көше төбелестерін түсіргенде бірнеше соққы алуға тура келді. Сонымен қатар ширек финалда Рамаз Палианимен болған жекпе-жекті ойнайтын кезде шынымен төбелесу қажет болды. Яғни фильмде шынайы шығуы үшін төбелесіңдер деді. Қарсыласым екеуміз де бір-бірімізден қатты соққылар алып жатырмыз. Соңында ештеңеге қарамай төбелесіп кеттік. Бәрі аң-таң. «Ей, қойсаңдаршы» дейді. Сонда да төбелесіп жатырмыз. Осындай да қызықтар болды.
Фильмде адам жанын толқытатын жері – Бекзат ағамыздың финалдағы жекпе-жегі. Сол жолы рингке шығарда Бекзат Саттарханов Амангелді Сейітхановқа: «Мен жеңіске жетемін. Бұл жеңісімді Түркістанның 1500 жылдығына арнаймын, соны халыққа хабарлаңыз» дейтін сәті бар. Сол сәтті түсірер кезде іштей қобалжып, көзіме жас алдым. Бір емес, үш-төрт дубль жасауға тура келді.
– Театрда көрерменнің көз алдында ойнау мен камера алдында киноға түсудің қайсысы қиынырақ? Қайсысында көсіліп, құлашыңызды кеңге жаясыз?
– Сахна мен камераның алдында жұмыс істеудің айырмашылығы көп. Театр артистерінің киноға келгенде қиналып қалатынын байқадым. Өйткені камера сыртында қаншама адам, түсірілім тобы болады. Мәтінмен жұмыс бар. Мен үшін салыстырмалы түрде қиыны – камерамен жұмыс істеу. Театрда премьерадан бір ай бұрын күнде дайындық болады, сахнада, халықтың алдында ойнайсың. Жанды атмосфера сезіледі. Ал кинода ойнау үшін артиске өзінше талант, ептілік керек. Түсірілімнің алғашқы күні ауырлау болады. Себебі араға уақыт салып басқа жобадан мүлде жаңа фильмге кірісу, жаңа түсірілім тобына үйренісудің де маңызы бар. Менің ойымша, театрға қарағанда кинода камераны сезіну, рөлді өмірдегідей шынайы бере алу қиын. Бірақ мамандығым театр актеры болғандықтан, сахнада, көрерменнің көз алдында ойнағанда шабытым ашылып, қанат бітетіні рас.
– Актер болмасаңыз, қандай салаға қадам басар едіңіз?
– Маған ескі, дизайны ерекше ғимараттар ұнайды. Қай қалаға барсам да, қайда жүрсем де сондай ғимараттарға, архитектура туындыларына қарап, тарихына үңіліп жүремін. Сондықтан актер болмасам, археолог болар ма едім деп ойлаймын.
– Әдемі әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұқбаттасқан Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!