Қазіргі таңда оқушы назарын аудару әрі оқытудың жаңа моделін қолдану – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін ең басты қажеттілік. Әсіресе, заманауи технологияны оқу процесіне кірістіру арқылы білім алушының тың дағдысын оятуға, ақпаратты жеткізудің жаңа жолын табуға жол ашылуда. Бұл оқу үрдісіне қатысты мемлекет ұстанымының бір парасы десек, артық емес.
Осы орайда қазақ тілі пәнінің мұғалімі ретінде қоғам өміріндегі тілдің рөлі мен заманауи білім жүйесін қатар сараптау жөн деп санаймын. Олай дейтінім, білім беру үрдісі дамыған сайын баланы оқыту әдістемесі де күнннен-күнге артып келеді. Оның үстіне педагогтың сабақ өту тәсілі, баланы қызықтыру жолы ғана заманауи білім саналмайды. Бұл әр пәннің ерекшелігіне сай жоспарды қажет ететін кешен екені анық.
Мысалы, заманауи оқу үдерісінің бір тармағы — технологиялық игіліктерді тиімді пайдалану. Бүгінгі буын – жоғары технология өкілі, сондықтан оларды қағаздағы ақпар мен кітаптағы мәліметпен қызықтыру қиын. Сол себепті педагог заман талабына икемделіп, цифрлық технологияны сабақ барысында қолдануға тиіс. Сабақ барысында компьютер, ноутбук, планшет, электронды кітаптар мен смартфонды пайдалану арқылы нәтижеге қол жетпек.
Алмат КАЙЫРКУЛОВ,
Қармақшы ауданы №185 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!