Олар Тобыл аймағына «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында көшіп келмек, деп хабарлайды Экспресс К.

Жалпы, «Еңбек» бағдарламасы басталғалы, соңғы бес жылда Қостанай облысына бес мыңға жуық адам қоныстанған. Оның үш мыңнан астамы — еліміздің «қаны толық» өңірлерінен келген жұмыс күші. Ал атажұртқа оралған қандастар саны — 1300. Енді биыл облысқа 700 адам көшіп келмек.

«Қоныстанушыларды жұмыспен қамту — ең басты мақсат. Білімі жоқ немесе мамандығы сұранысқа сай емес азаматтар кәсіби оқыту курстарынан өтеді. Сондай-ақ, бос немесе субсидияланған жұмыс орындарына орналастыру да қарастырылған. Оның үстіне, бізде «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» секілді жаңа жобалары бар. Өткен жылы өңірге көшіп келген еңбекке қабілетті азаматтардың 96%-ы жұмыспен қамтылды», — дейді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Аида Құсайынова.

Оның айтуынша, Тобыл-Торғай өңіріне қандастардың 98% Өзбекстаннан келеді екен. Сондай-ақ, қостанайлықтар қатарын Алматы, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан және Шымкент, Астана қалаларынан қоныс аударушы отандастар толықтырып жатыр. Олардың «қос қолына бір күрек» ұстатып қана қоймай, баспана мәселесін шешіп беру де басты кезекке қойылған.

«Қоныс аударушылар отбасының әр мүшесіне 70 АЕК көлемінде көшіп келуге субсидия алуға құқылы. Сондай-ақ, оларға 12 ай бойы тұрғын үй жалдауға төлем жасалады. Қаржы көлемі баспананың қалалық немесе ауылдық елді мекендегі құнына, сонымен қатар отбасы мүшелерінің санына қарай белгіленеді. Орта есеппен, айына 15-30 АЕК айналасында болады», — дейді А.Құсайынова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!