Бүгінгі таңда цифрландыру тек компьютерлік сауаттылық қана емес, бұл – шығармашылықтың жаңа деңгейі. Әсіресе, анимация және мультфильм жасау саласында жасанды интеллектінің (ЖИ) пайда болуымен үлкен төңкеріс орын алды. Мультимедиялық технологиялар үйірмесінде біз шәкірттерімізбен бірге осы заманауи құралдарды меңгерудеміз. ЖИ арқылы мультфильм жасау – бұл балалардың қиялын шектеусіз жүзеге асырудың жолы.
ЖИ көмегімен анимация жасаудың негізгі 5 қадамын мысалға алсақ. Балалардың шығармашылығын шыңдау үшін біз келесі кезеңдерді қолданамыз.
- Сценарий жазу мен кадрларға бөлу (Интеллектуалды көмекші): ChatGPT немесе Gemini секілді ЖИ құралдары арқылы балалар мультфильмнің желісін, кейіпкерлердің диалогын санаулы минутта құрастырады.
- Кейіпкерлерді бейнелеу, сипаттау (Визуалды өнер): Midjourney немесе DALL-E секілді бағдарламалардың көмегімен балалар өз қиялындағы кейіпкерді мәтіндік сипаттама арқылы суретке айналдырады.
- Анимация жасау – суретке жан бітіреді! (Қозғалысқа келтіру): Runway немесе Pika Labs сияқты құралдардың көмегімен сол суреттерді қозғалысқа келтіреміз. Суреттер дыбыс пен қимылға ие болып, экранда «тіріледі». Әр кадрға промт жазу.
- Дыбыстау (Кейіпкерге жан бітіру): ElevenLabs секілді нейрожелілер арқылы жазылған мәтінді кез келген дауыспен сөйлетуге болады.
- Монтаж және дайын мультфильм жасау (Туындыны жинақтау): Барлық видеоны бір видеоға жинақтау; титр, субтитр, логотип қосу; сақтау және бөлісу.
Үйірмеге қатысатын оқушылар бұл технологияларды тез меңгеріп жатыр. Олар үшін бұл – үлкен қызығушылық әрі болашақ мамандыққа алғашқы қадам. ЖИ мультфильм жасауды қолжетімді еткенімен, ең бастысы – баланың идеясы мен шығармашылығы екенін баса айтқым келеді. ЖИ – бұл тек көмекші құрал, ал режиссер – баланың өзі.
Айгүл ОРАЗБЕКОВА,
«Мультимедиялық технологиялар»
үйірмесінің жетекшісі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!