Отынды ішкі нарықта сату көлемі бір жылда бірден 19%-ға өсті.
Сарапшылардың айтуынша, 2022 жылғы қаңтар-шілде айларында дизель отынын өндіру көлемі 3,1 млн тоннаны құрады. Бұл барлық уақыттағы тиісті кезеңнің ең жоғары көрсеткіші болып есептелінеді. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда дизель отынын өндіру 9,2%-ға өсті.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, осы жылға дизель отынын өндіру болжамы 5,2 млн тоннаны құрайды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 300 мың тоннаға артық және 2020 жылмен салыстырғанда 600 мың тоннаға артық болады деген сөз.
2022 жыл бойынша дизель отынын тұтыну болжамы шамамен 5,5 млн тоннаны құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 500 мың тоннаға және өткен жылмен салыстырғанда 90 мың тоннаға артық.
Тамыз айында егін жинау науқаны басталар алдында Қазақстан дизель отынының тапшылығына тап болды. Еліміздің барлық өңірлерін дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін арнайы комиссия құрылды, ол жағдайға теріс әсер еткен факторларды анықтады. Негізгі себептердің бірі тұтынудың, сондай-ақ транзиттік көліктің айтарлықтай өсуі деп аталды.
Еске сала кетсек, уақытылы шаралар қабылдамағаны үшін «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа қатаң сөгіс жарияланды.
«2022 жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша дизель отынының құны бір айда орташа есеппен 0,7%-ға өсті. Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында дизель отыны қымбаттады: тиісінше 3,5% және 3,4%. Шығыс Қазақстан облысында баға 2,9%-ға қымбаттады. 2021 жылдың тамызымен салыстырғанда бір жыл ішінде дизель отыны 35,5%-ға қымбаттады. Өңірлер бойынша бағаның өсуі Алматы облысында 15,4%-дан Ақмола облысында 58,4%-ға дейін өзгереді. Тамыз айының қорытындысы бойынша елімізде жазғы дизель отынының бір литрінің орташа бөлшек сауда бағасы 238 теңгені құрады. Ең жоғары бағалар Қостанай мен Петропавлда (бір литрі үшін 260 тг), ең төмен баға – Ақтауда (бір литрі үшін 225 тг) тіркелді», делінген зерттеуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!