Логопед-дефектолог Назгүл Шәйкенова бала тілінің кеш шығуына әсер ететінін факторларды атады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Маманнның айтуынша, бала тілінің кеш шығуының екі себебі бар.
Оның алғашқысы – медициналық фактор. Мәселен, егер анасы жүктілік кезінде түрлі инфекциямен ауырса, токсикоз қатты мазаласа, сондай-ақ басынан стресс пен депрессияны өткерсе, кейін оның бәрі бала тілінің кеш шығуына әсер етеді. Кейбір балалардың туылып жатқан кезде басы қысылып, орталық нерв жүйесі зақымданып жатады. Оның да салдары болуы мүмкін. Ата-ана баланың сәби кезінде түрлі жарақаттан сақтауы керек. Бұл қатарға гипоксия және асфиксия ауруларын да жатқызамыз, – деді ол.
Шәйкенова атағандай, екінші себеп – әлеуметтік фактор.
Яғни, ата-ананың баламен қажетті деңгейде байланыс орнатпауы. Ол баланың даму кезеңінде мән бермеудің салдарынан туындайды. Оған қоса бұл факторға үйдегі ата-ананың екі тілде сөйлеуі, еркінен тыс көп еркелетуі де жатады. Тілі кеш шығып жатқан балалар өте көп. 2021 жылғы статистикалық мәліметпен салыстырсақ, екі есе көбейген. Астана қаласында басқа қалаларға қарағанда пайыздық деңгейі жоғары. Осы екі себеп те баланың ата-анасымен тікелей байланысты, – деді маман.
Дефектолог атағандай, смартфонды балаға үш жасқа дейін беруге болмайды.
Ата-ана үш жасқа дейін баланы смартфоннан алыс ұстағаны жөн. Себебі бұл жаста баланың тілі қарқынды дамып жатады. Тек тілі емес бұл жаста бала әртүрлі қылықтар шығарып, мінезі өзгере бастайды. Бұл уақытта гаджетті көп қолданған баланың назары дайын бейнеге ауады, сөйлеу қажеттілігі азаяды. Салдарынан баланың сөздік қоры аз қалыптасады. Сондықтан ата-ана бұл кезеңді жіберіп алмауы тиіс. Баламен көбірек ойнауға кеңес берер едім, – деді ол.
Оның айтуынша, ата-ана
балаға күнделікті 15 минутын арнаса жеткілікті.
Сәби өмірге жылап, айқайлап келеді. 3-4 айлық балада – «У», «Ө» дыбыстары шыға бастайды. Алты айлығында мағынасы жоқ былдыр сөздер айтады. Ал 8 ай толғанда «мама, папа, ата» санаулы сөзді анық айтады. Екі жастағы баланың сөздік қорында 200 шақты сөз болады. Яғни, бұл кезде екі сөйлемнен құрай бастайды. Үш жаста ойында тұрғанын сөзбен айтып жеткізеді. Бала екі-үш жасында анасы сөйлеген кезде қалай назар аударады, эмоциясын қалай көрсетеді, соған қарап аңғаруға болады. Егер бала ата-анасының айтқанына құлақ түрмесе, қолымен нұсқаса, бұл тілінің кеш шығып келе жатқанын білдіреді, – деді Назгүл Шәйкенова.
Маман атағандай, баланы сөйлеуге итермелеу үшін нақты жағдай тудыру қажет.
Бір затты алып берместен бұрын баланың өзін сөйлетуге тырысу керек. Сол заттың атауын өзі айтуға, қайсы екенін көрсетуге бағыттау керек. Сонда ғана балада сөйлеуге деген қажеттілік туындайды. Бүлдіршін сөйлеген кезде дыбыстарды дұрыс айтпауы мүмкін, дегенмен уақыт өте түзеледі. Көпбалалы отбасында ұрыс пен айқайдың болмағаны маңызды. Өйткені ол балаларға тікелей әсер етеді. Үлкен отбасында балалардың әрбіріне жеке көңіл бөлінуі тиіс. Алайда дұрыс көңіл бөлінбегеннен бала тұйықталып, балабақшаға барған кезде өз ортасын таба алмай жатады. Жалпы баланың тек материалдық жағдайын түгендей бермей, көңіл де жақсы бөліну керек, – деп түйіндеді маман.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!