1992 жылдың 2 шілдесінде Елбасы Жарлығымен шетелдермен ынтымақтастық орнату мақсатында Сыртқы істер министрлігі құрылды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болып Төлеутай Сүлейменов тағайындалды. Осы тұста сыртқы саяси ведомствоның құрамы небәрі 17 адам болатын. Министрлік басшылығы алдымен Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыты туралы тұжырымдама жасады. Оны әзірлеуде Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаев атсалысты.
ҚР Президентінің 2009 жылғы 1 шілдедегі №837 Жарлығымен кәсіби және өзге де мерекелер тізбесінде 2 шілде – Дипломатиялық қызмет күні деп аталды. Сол күннен бастап бұл күнді атап өту дәстүрге айналды.
Биыл – Қазақстанның дипломатиясына 29 жыл. Әлемнің 180 елімен дипломатиялық қарым-қатынастың барлығы тамшыдан жиналған теңіздей өлшеусіз еңбек екені белгілі. Өйткені тәуелсіздік алған тұста тұралап қалған салаларды дамыту үшін қомақты көлемде инвестиция қажет еді. Ал инвестицияны алу үшін өз тәуелсіздігіңді мойындатумен қатар, алып мемлекеттермен иық тіресе білу қажет. Осы тұста егеменді еліміз 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, кейіннен әлемдік және аймақтық деңгейдегі ұйымдарға мүше бола бастады. Мысалы, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдардың белді мүшесі. 2017-2018 жылы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланды. Жалпы сыртқы елдермен жүргізілген сәтті саясаттың нәтижесінде тәуелсіз елімізді дүниежүзінің түпкір-түпкіріндегі мемлекеттер тани бастады. Осы орайда шетелдерде Қазақстанның дипломатиялық және консулдық өкілдігі жұмыс істейді. Мәселен, осы уақыт аралығында жас мемлекет 183 елмен дипломатиялық қатынас орнатты. Шетелдерде Қазақстанның 90-нан астам дипломатиялық миссиялары – елшіліктері, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктері, бас консулдықтары жұмыс істейді. Ал біздің елде 137 шет мемлекеттің елшісі тіркелген және 20-дан астам халықаралық ұйымның офисі жұмыс істейді.

АЛҒАШҚЫ БАСТАМА
Ел дипломаттары әлемдік деңгейде ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы айтып қана қоймай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғанда бұл күнді БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде бірауыздан бекітті. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияда Ядролық қарудан азат аумақ құруға белсенді түрде қатысты. 2015 жылы Елбасы бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларациясы қабылданды. Ядролық қаруды таратпауда біздің Елбасының тағы бір бастамасы – АТОМ жобасы. Оның онлайн петициясына 100-ден астам елдің 300 мыңнан астам адамы қол қойды. Ол жобада Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты ратификациялауда прогреске қол жеткізу талабымен жетекші мемлекеттердің көшбасшыларына үндеу жасалды. 2018 жылғы наурызда Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қойды. Дамушы елдердің бастамасы бойынша осындай Шарттың пайда болуы және қабылдануы халықаралық қоғамдастықтың, әлемнің бірқатар жетекші мемлекеттерінің ядролық қарудың сақталуына алаңдайтынын және үстінен ядролық ажал аждаһасы төніп тұрмайтын әлем құру жолында әрекет ететінін білдірді. Орталық Азияда біздің еліміздің өмірлік маңызы бар мүдделері тоғысқан.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанның тұңғыш Президенті өңірлік жақындасу саясатын белсенді түрде жүргізді. Өңірдің мемлекет басшыларының соңғы кезде жиілеп кеткен екіжақты және көпжақты форматтардағы қарым-қатынастары өңірлік ынтымақтастықтың саяси еркі мен серпінін көрсетеді. 2018 жылғы 15 наурызда Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірінші консультациялық кездесуі болды. Нәтижесінде Азия елдерінің вице-премьерлері бесжақты жұмыс комиссиясын құру туралы шешім қабылдап, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуін тұрақты өткізу жоспарланды. Сондай-ақ көршілес мемлекеттермен байланыс орнату да маңызды. Мәселен, Ресей Қазақстанның маңызды стратегиялық одақтасы болып қала береді. Екі ел Президенттері 2013 жылғы қарашада қол қойған XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт стратегиялық әріптестіктің негізі қызметін атқарады.

ДИПЛОМАТИЯ ЖАЙЫНДА
Жалпы дипломат, дипломатия дегенде көз алдымызға іскер азаматтарды елестетеміз. Бірақ олардың негізгі міндеті мен мақсатын жіті түсінбейміз. Негізінде халық арасында дипломаттар туралы афоризмдер көп. Мысалы, «дипломатия − алдағы жүз жылда өмір сүру мәселесі болса, саясат – алдағы жұмаға дейінгі мәселені қарастырады. Егер дипломат «иә» десе, бұл «мүмкін» дегенді білдіреді, егер ол «мүмкін» десе, демек «жоқ» дегені, бірақ «жоқ» дейтін адам дипломат емес. Дипломаттар сөйлегенде зеңбіректер үнсіз тұрады» деген қанатты сөз бар. Осы сөздерден-ақ бұл мамандықты игеру, осы саланың тізгінін ұстау үлкен жауапкершілік пен тәжірибені қажет ететінін аңғаруға болады. Себебі, дипломатия бейбіт өмір қалыптастыруда әрқашан негізгі рөл атқарады.
– Іс бастау қашанда қиын. Дипломатия − бұл өнер, әрі ғылым. Көндіре білу, сенім қалыптастыра білу, жүрек жаулап, дос ете білу өнері. Мемлекетіңнің қажеттілігін жеткізіп, түсіндіре білу асқан шеберлікті, біліктілікті қажет етеді. Еліміз тәуелсіздік алып, барлық істі, оның ішінде дипломатиялық қызметті жаңадан бастағанда «ешқандай база болмады» деу әбестік болар. Ел мен елді жақындастыра алу қабілеті бар елшілердің бірі Төлеутай Сүлейменов еді. 1990 жылдары АҚШ-та елші болған ол мемлекетіміздің алып державамен жан-жақты байланыс орнатуына бар күшін салған, – дейді Қазақ ССР Сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбекова.
Бүгінде Қазақстан – халықаралық қатынастардың беделді қатысушысы. Жас мемлекеттің аты әлемдік қоғамдастықта сенімді әріптестігімен, бейбітсүйгіш саясатымен, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді шешуде жауапты қызметімен, медиаторлық салада тиімді жұмысымен, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту саласындағы жарқын бастамаларымен белгілі. Елдегі саяси тұрақтылық, нарықтық экономиканың серпінді дамуы және қолайлы инвестициялық ахуал Астананың жаһандық дипломатиядағы халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді. Қазақстанның әлі де жас мемлекет саналатынына қарамастан, отандық дипломатия қызметінің ауқымында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ), Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (ТМЫК) және басқа да халықаралық құрылымдар сияқты ірі өңірлік және халықаралық ұйымдарда табысты төрағалық етті.
– Шындығында, дипломаттар қарапайым адамдар. Өздеріңіз сияқты. Мамандығымыз қиын. Шетелде мемлекетіңді өзің таныстырасың. Сәйкесінше білімің болу керек. Жауапкершілік жүгі де ауыр. Әр адамның жеке қабілеті әр басқа ғой. Біздегі шетелдік дипломаттар да өзіне тиесілі қызметін атқарып жүрген профессионалдар. Кездесулер, келіссөздер, отырыстар. Арасында өзімізге де уақыт табылады. Мәселен, АҚШ-тың еліміздегі дипмиссия басшысының орынбасары арагідік мәдени шараларға қатысатынын айтып қалды, – дейді Сербияның Қазақстандағы елшісі Владимир Матич.
Біздің дипломаттар ел ішінде де, шетелдерде де біліктілігін арттырып отырады. Мемлекеттік және шет тілдерді білу деңгейін арттыру бойынша курстар ұйымдастырылады. Еліміздің алғашқы Сыртқы істер министрі, Төтенше және өкілетті елші Ақмарал Арыстанбекованы, танымал қазақстандық дипломаттар мен мемлекет қайраткерлері – Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімованы, Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнюра Мырзамадиеваны ерекше атап өту қажет. Отандастарымыз – ЕҚЫҰ-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі Мәдина Жарбосынова, БҰҰ-ның Оңтүстік Африкадағы есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының аймақтық өкілі Жұлдыз Ақышева және ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зульфия Аманжолова қазақстандық дипломатияның ерекше мақтанышы.
СІМ шеңберінде Қазақстан дипломаттарының бірлестігі жұмыс істейді, ол корпоративішілік мәселелерді шешіп қана қоймай, сонымен бірге мұқтаждарға көмек көрсететін әлеуметтік-бағдарланған жобаларға да қатысады.


Бүгінгі таңда Қазақстан дипломатиясы Мемлекет басшысының бағдар мен серпін беретін белсенді сыртқы саясатының арқасында жоғары деңгейден көрінді. Оған дәлел Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде ел атынан тұңғыш сөз сөйлеген, тәжірибелі саясаткерлер мен дипломаттардың алдын орап, өзінің қайсар да байыпты мінезімен мәмілегерлік саясатта да, оқу ісі мен әлеуметтік даму саласында да ерен еңбек еткен қазақ қызы бар. Ол туралы АҚШ-тың білікті саясаткері Киссинджирдің өзі «Еркек дипломаттарды қалайда алдауға болады, бірақ әйел дипломаттардан қулығыңды асыру мүмкін емес. Дипломатия – білектіні бүгетін өнер» деген. Бұл сөз ел арасында жүріп, қарапайым мінезімен, жанашырлығымен әрі батыл қадамдарымен есімі жаңғырған, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел Балжан Бөлтіріковаға да тән. Одан бөлек, әйелдерді жауапты мемлекеттік дипломатиялық лауазымдарға ілгерілету саясаты аясында ҚР Бельгиядағы елшісі және Еуропа Одағы мен НАТО жанындағы ҚР өкілдігінің басшысы Айгүл Құспан, Швейцариядағы елшісі және Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі мен ДСҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілі Жанар Айтжанова, Таиландтағы елшісі және ЭСКАТО жанындағы ҚР тұрақты өкілі Раушан Есболатова шетелде Қазақстанның мүддесіне өкілдік етуде.

ЕУРОПАҒА ЖОЛ
Қазақстан-Еуропа қатынастарының серпінді дамуы 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қойылуына мұрындық болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы бастамасымен «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында Қазақстан Франциямен, Германиямен, Ұлыбританиямен, Испаниямен, Италиямен және Венгриямен стратегиялық, әріптестік байланыс орнатты. Бүгінгі таңда Еуропалық Одақ – біздің еліміздің аса ірі инвесторы және сауда әріптесі. Қазақстан дипломатиясының белсенді түрде қатысуымен Еуропа Одағының Орталық Азияға қатысты жаңа Стратегиясы әзірленуде.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Таяу Шығыс, Азия, Латын Америкасы және Африка мемлекеттерімен өзара тиімді және сенімгерлік қатынастар орнатуға қол жеткізді. Бұл жұмыста сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық байланыстарды дамытуға, БҰҰ-дағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы ортақ мүдделерді ілгерілетуге басымдық берілді. Еліміздің инвестициялық ахуалына либералды виза саясаты оң әсер етті. 2017 жылы 1 қаңтардан бастап 48 елдің азаматы үшін күнтізбелік 30 күн мерзімге Қазақстан аумағына кіруге арналған визасыз режім енгізілген. Жиырма елмен өзара визасыз режим жұмыс істейді. Бұл ретте СІМ қазақстандықтар үшін визалық режимді одан әрі жеңілдету бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар электронды құжат айналымын жетілдіруді, консулдық қызметтерді, электронды визалар рәсімдеуге көшуді қоса алғанда, Қазақстанның дипломатиялық қызметі жұмысына цифрлық технологияларды енгізуді жалғастыруда. Сыртқы саясат ведомствосы консулдық қызметінің негізгі бағыты елдің шетелдегі азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғау және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету болып саналады. Біздің басқа елдердің «дамуына ресми көмек» жүйесі ҚР сыртқы саясатының тиімді механизміне айналуда. БҰҰ Даму банкімен және Жапония үкіметімен бірлесіп, ауған әйелдерінің экономикалық дербестігіне жәрдемдесу жобасы іске асырылды. Жоба шеңберінде осы елдің азаматтары Қазақстанда мемлекеттік басқару және денсаулық сақтау салаларында оқудан өтті. Тұтастай алғанда, тәуелсіздік жылдар ішінде Қазақстан Орталық Азия елдеріне, Латын Америкасына және Африкаға 450 млн доллар сомасында гуманитарлық көмек және қолдау көрсетті.


«Елдестірмек – елшіден» дейді қазақ. Қазақстанның алыс-жақын көршісімен байыпты байланысының тұғыры – татулық десек, сол татулықтың дәнекері – дипломаттар екенін ұғамыз. Ел мен елдің арасында алтын көпір болып жүрген мамандарға жүктелер жауапкершілік жүгі ауыр. Өйткені ішкі-сыртқы мәдениеті үйлескен, бірнеше тілді қатар меңгеріп, сан саланы сауатты игерген бұл жандарға қарап, бөгде жұрт қазақ туралы ой түйеді, Қазақстан жайлы пайым жасайды. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі, істеген ісінен асқан мәдениеттілік менмұндалап тұратын Қазақстан дипломатиясы аппаратында қазір 7 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы, «Болашақ» стипендиясының 18 түлегі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының 86 түлегі және басқа да жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс істейді.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!