Әзіл-қалжыңы аралас етіп, «Қазақ ет жеуден әлем бойынша қасқырдан кейінгі орында тұр» деп айтамыз ғой. Онымыз көбіне шындыққа жанасып жатады. Қыр басында қыс көрінсе, азығымызды қамдаймыз, отын-суымызды реттейміз. Бүгінде ел-елде халықтың әл-ауқаты көтеріліп, қосымша кәсіп түрлерімен де шұғылдана бастаған. Бұл саладан отбасының несібесін айырып жүргендер жетерлік. «Таяқтың екі ұшы бар» деген тәрізді жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, қитұрқы жолмен де табысқа кенеліп жүргендер көп. Қарапайым халықтың ет өнімдерін сапалы, табиғи азық ретінде тұтынуы үшін маңдай терін сылып алып жатқандар да жетіп артылады.
Абай Батыршаев Қоғалыкөл ауылында тұрады. Ол осыдан 20 жылдан аса уақыт бұрын халықты етпен қамтамасыз етуді бастады. Осы жылдар ішінде талай қиындық көрді. Бірақ оған сынбай, өзінің ақ-адал еңбек етуін жалғастыра берді. Кәсібін дамыту үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алды. Несібесін арттыруда әрине өзінің маңдай тері басым рөл атқарғаны анық.

«Қазір ет нарығында бәсеке жоғары. Айналысатын шаруалар, ортада делдалдар көбейді. Нарықта бәсекелестердің көбеюі әрине бағаны тұрақты ұстап тұра алады. Бірақ осы сәтте халықтың таңдау жасауына қиындық туады. Кімнен алу керек деген сауалдың туындауы заңдылық. Біз нарықта өзіміздің орнымызды белгілеп алғанбыз. Сұраныс жоғары. Тұрақты алушылар бар. Әйтсе де халықтың қалтасын қағып, ойына келген бағаны қоятын ортадағы делдалдан алғанша, шаруаның өзінен тікелей алғанға жетпейді. Өзіңіз сенімді боласыз», – дейді Абай Ишанқұлұлы.

Әрине, баға жайына келгенде барлығында да айтар уәж бар. Жем-шөп бағасы жағадан алып тұрғанда жайлы жағдай қайдан болсын?

«Халық еттің арзанына жүгіреді. Оларды да түсінуге болады. Өйткені, экономика тұрғысынан елдің жағдайы мәз деп айтуға келмейді. «Арзанның сорпасы татымайды» деген бар. Соны ойлау керек. Мәселен, қалыпты жағдайда бір жылқыны 3,5-4 ай, күнге шаққанда 100-120 күннің арасында бордақылау керек. Ал дәріленген малды әрі кеткенде екі ай, яғни 60-70 күннің маңайында баптайды. Уақытқа салғанда екі есе аз, әрі оған кететін шығын да екі есеге азаяды. Сондықтан бағасы арзан екен деп, атқа жайдақ мініп алып шаба бермей, өз денсаулығын да ойлаған абзал. Таза, сапалы тағам тұтыну – өз қолыңызда», – дейді кәсіпкер.

«Ауыл» партиясының мүшесі, белсенді кәсіпкер Болат Бөгетов те халықтың бұл мәселеде жеті рет ойлап, бір рет кесу керегін айтады. Ауыл шаруашылығында өзіндік салмағы бар кәсіпкер Қазақстан Фермерлер қауымдастығының Қызылорда филиалының төрағасы қызметін де абыроймен атқарып жүр.

«Азық-түлік бағытында адам өзінен-өзі аянып қалмау керек. Етке келетін болсақ, ауылдардағы кіші шаруашылықтардан алған дұрыс. Өйткені, олардың өздерінде малы бар. Өзінің малы болған соң уақыт есептемейді, бағаны аспандатпайды, семіртуге арналған дәрілерді салмайды. Міне, табиғи таза өнім – осы. Әйтпесе, қазір түрлі химикат дәрілер қосып, семіртіп, етін сататындар көп. Оның дәмі де жұғымсыз болады», – дейді Болат Әлдебайұлы.

Иә, дәрі-дәрмек демекші, мұндай жағдайға кезігіп жатқандар да жоқ емес. Қыстың қамына әдейілеп, нықтап дайындалып, ағайынды азаматтар бір-бірімен келісіп тұтастай бір малды сойып алады. Бірнеше жылдан бері осы әдісті дағды еткен Асқар Биболұлы да өзі көрген оқиғамен бөлісті.

«Бауырларыммен бірігіп, сойып алуға бір тайды тұтасымен сатып алдық. Түріне қарасаң, өте керемет. Жақсылап баққан екен дедік. Сөйтіп, мұсылмандық дағдымен бісімілләмізді айтып, соя бергеніміз сол еді еттің түрі ұнамады. Іріп кеткен. Кәдімгі шіріген шүберек тәрізді майдаланып өзі-өзінен бөлініп қала берді. Иесін шақыртып, «Малың өзіңе, уланғым келмейді» деп тиеп жібердім. Адамдарда ұят та азайып барады. Мысқылдап күлді де ақшамды қайтарып, етін алып кетті. Міне, сол адамдар ана етті қайда өткізеді? Оны да халыққа таратқан шығар. Дәрілеп семірткен малдың етінде дәм де болмайды, құнары да аз. Сіздің денсаулығыңызға кері әсер етіп, улайды. Міне, содан бері көзкөрген адамдардан сатып аламын. Өйткені, қып-қызыл ақшаға ауру емес, азық сатып алғым келеді», – дейді ол.

«Ауру – астан, дау – қарындастан» деген дана халқымыз. Кәсібін адал істеп, маңдай тердің нанын жеп жүрген талай азамат бар. Бүгінде қала халқының көпшілігі ауылдардан жылқы және сиыр етін алдырып жейді. Шаруадан тікелей алғанның ерекшелігі көп дейді.

«Көршім мал бордақылайды. Ал мен айына бір жілік ет жесем де, көршімнен бірде-бір рет алған емеспін. Өйткені, оның жем-шөп түсіріп жатқанын көрген емеспін. Қолынан дәрі егетін шприц түспейді. Мен сондықтан одан ет алуға қорқамын. Ауыл-дан арқаланып, қалаға ет әкеліп өткізетін шаруа інім бар. Бір жағынан шәкіртім. Содан сенімді түрде аламын. Өйткені, адамның адал екені жүзінен, істеген әрекетінен көрініп тұрады», – дейді Асқар есімді тұтынушы.

Қалай дегенде де тұтынушы талғамына сай еңбек еткен әрбір жанның кәсібі өміршең болатынын өмірдің өзі дәлелдеп береді. Өйткені көңілінен шыққан өнім тұрақтылыққа әкеледі.

«Жақсы бағылған, жақсы қаралған, дәмді, жұмсақ, тез пісетін етті әкеліп берген адамнан қайта-қайта ала бергің келеді. Оның үстіне айналаңа да ұсына жүресің. Өйткені, адамның ықыласы бәрінен хабардар етіп тұрады», – дейді Біржан Елеусінов.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді атақты

Абай ақын. Әрине, есектің артын жуып, тапқан наның да адал. Өйткені, оған маңдай терің сінді. Түпкі айтарымыз да сол, адал еңбек адамның абыройын көтереді. Ал түйінді азын-аулақ тиынын азыққа қамданған халықтың өзіне салдық.

фото jana-kezen.kz

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!