Фото: dimashnews.com
Дүниежүзіндегі маңызды мәселелерді қарастырып, әлемді бейбітшілікке шақыратын ай сайын бір рет шығатын Франциядағы жалғыз журналда Димаш Құдайберген туралы мақала жарық көрді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы қазақстандық жұлдыз Димаш Құдайбергеннің шығармашылық қызметіне арналған ресми сайт DimashNews мәлімдеді.
Димаш туралы мақала француздық Planète Paix журналының 2024 жылғы 23 қыркүйектегі соңғы санында жарияланған.
Айта кетейік, журналдың контентін дайындауда Францияда ғана емес, шетелде де өз білімдерімен танылған танымал журналистер, бірлестік жетекшілері, шенеуніктер, суретшілер мен сарапшылар жұмыс істейді. Бұл журнал жергілікті деңгейден жаһандық деңгейге дейін барлық деңгейде бейбітшілік орнатуға ұмтылған адамдардың ойларын, әрекеттері мен күш-жігерін көрсетуге жұмыс істейді.
«Димаш Құдайберген: әлем жұлдызы және бейбітшілік елшісі» деп аталатын мақалада автор әншіні Қазақстанды танытатын халықаралық негізгі әртістердің бірі ретінде атап өтеді. Сонымен қатар Димаштың балалық шағынан бүгінге дейінгі шығармашылық жолы туралы баяндайды.
Автор өз туындысында Димаш татулық пен бірлік тақырыптарын бір емес, бірнеше рет көтергенін, бұл әсіресе оның «Бір аспанның тарихы» атты ең ірі авторлық шығармасында жақсы суреттелгенін атап көрсетеді.
Мақалада 2024 жылдың ақпан айында қазақстандық әнші БҰҰ-ның көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымының аймақтық ізгі ниетті елшісі атанғаны да қамтылған.
Сонымен қатар автор Димаштың татулық пен бірлік философиясы идеясы оның ерекше құрметке ие болған Dears атты жанкүйерлерінің тарапынан қолдау тапқаны туралы атап айтқан. Жыл сайын әртүрлі елдердің жанкүйерлері сүйікті әртістерінің ізімен дүниежүзінде түрлі гуманитарлық және экологиялық бастамаларды жүзеге асырып жатқаны туралы да жазады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!