Соңғы кезде қоғамда «фрилансер» ұғымы пайда болды. Ағылшын тілінен аударғанда ол «еркін құс» деген мағынаны білдіреді, яғни бірде-бір компанияның құрамында жоқ, тапсырыс берушіні өз еркімен таңдайтын, жұмыс уақытын өзі реттейтін кәсіп иесі. Кешегі карантинде көпшілік үйден шықпай-ақ, табыс табудың осы түріне көшуді жөн тауыпты. Ендеше, фрилансер болудың артықшылығы мен қиыншылығы неде? Оның құқығы қорғала ма? Санадағы сан сауалға жауап іздеп көрген едік, толығырақ тарқатсақ.
Түрлі зерттеулерді парақтай келе, бұл терминнің мағынасына қатысты көптеген дерек барын білдік. Мәселен, «фрилансер» термині әлемге әйгілі жазушы Вальтер Скоттың «Айвенго» романында бірінші рет қолданылған екен. Жазушы романда орта ғасырдағы жалдамалы жауынгерлерді осылай атаған. Бұдан бөлек, фриланс-қызмет көрсету нарығы Батыс Еуропа мен АҚШ-та дамыған. Кезінде дизайнер, фотограф Уолт Дисней фриланс қызмет көрсету арқылы өз қолымен салған суреттерін, карикатуралық портреттерді сатумен айналысқан, осылайша өзінің жаңа анимациялық туындысына қол жеткізген көрінеді. Әлем әдебиетінің классик жазушысы Эрнест Хемингуэй де шығармашылығын Американың «Торонто Стар» газетінде штаттан тыс қызметкер ретінде бастап, тек жазған материалдарының қаламақысын алып отырған. Ол фрилансер есебінде жұмыс істей жүріп, алғашқы романын жазуға кіріскен. Осы алғашқы туындысы оның болашақ шығармашылығының іргетасын қалаған екен.
Бүгінде еліміздегі еңбек нарығында да фрилансерлерге сұраныс айтарлықтай. Тіпті ғаламтордағы арнайы сайт 7 мыңнан аса мамандық бойынша қызмет түрін ұсынады. Олардың арасында бағдарламашы, фотограф, дизайнер, журналист және такси секілді әртүрлі қызмет көрсету салалары бар. Фрилансқа біржола көшкен мамандардың пікіріне сүйенсек, атқарған ісіңе сай төленетін еңбекақы жалқаулықты ұмыттырып, қатаң жұмыс тәртібін сақтауға мәжбүрлейді. Сонымен қатар бұл салада қызмет ететіндер тапсырысты өз қаласынан ғана емес, республикадан, тіпті алыс-жақын шетелден де қабылдауына мүмкіндігі бар. Бірқатарымен әлеуметтік желіде тілдескен болатынбыз.
– Күнделікті костюм-шалбар киіп, галстук тағып, таңмен таласып жұмысқа келу, сосын кешке дейін отыру көпшілік үшін қалыпты жағдай. Бірақ, біз үшін емес. Фрилансер – еркін адам, еркін қызметкер. Еркін жұмыс кестесімен жүресің. Тапсырыс берушімен тікелей жұмыс істейсің, оның талғамынан шығу бірінші орында. Өзім дизайнер-интерьер саласында қызмет етемін, зәулім ғимараттар мен жеке үйлердің іші-сыртын көркемдеу үшін түрлі жобаларды дайындап, Астана, Алматы қаласындағы тапсырыс берушілерге жіберіп отырамын. Бұл ретте осы қызмет түрінің ерік-жігер мен шыдамдылықты ерекше қажет ететінін айтпай кетуге болмас. Фриланста жауапкершілік жоғары, абыройыңды түсіріп алмау үшін жанталасасың, ал кеңселік жұмыста жауапкершілікті ұжым бөліседі, басшың мойнына алады. Өз басым фрилансер болып өмір сүруге болады деп санаймын. Ол үшін жеке брендке баса мән беру керек, – дейді Дәурен Тұрғанбек.
Еркін жұмыс істеуге бейім мамандар үшін бұл қызметтің артықшылықтарымен қатар кемшін тұсы да бар. Өйткені, фрилансерлер еңбек демалысын немесе демалыс және мерекелік күндерді сезінбейтін көрінеді. Қол жеткізген көрсеткіші үшін қандай да болмасын сыйақымен марапатталмайтыны тағы бар. Бұл орайда АҚШ-та арнайы фрилансерлер одағы құрылған. Олар келеңсіз жағдайға жол бермес үшін және фрилансерлердің құқығы тапталмас үшін арнайы жоба әзірлеп, есесі кеткен фрилансерлердің табысын кері қайтару мәселесін бір жолға қойған. Бізде де қазір бұрынғыға қарағанда фрилансерлердің жұмысы ашық. Өткен жылдан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған заңнамалық түзету фрилансерлердің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу рәсімдерін жеңілдетті.
Иә, қарап отырсаңыз, осыдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазір фрилансерлер қатары көбейген. Оның саны алдағы уақытта да артатыны сөзсіз. Себебі, техникалық тұрғыдан мүмкіндік беретін салаларда фрилансерлердің көбеюі заңдылық деп білеміз.
М.СНАДИНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!