Гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет.
Әйел құқығы – ол адам құқығы, гендерлік теңдік әйелдердің әлеуметтік, экономикалық, мәдени, азаматтық және саяси мәртебесін белгілейді.
Гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн айқындайды.
Қазақстандағы гендерлiк саясаттың мiндеттерiне әйелдер мен ерлердiң билiк құрылымдарында теңдестiрiлген қатысуына қол жеткiзу, экономикалық тәуелсiздiктiң барлық тең мүмкiндiктерiн қамтамасыз ету, өз бизнесiн дамыту және қызмет бабында iлгерiлеу, отбасында құқықтар мен мiндеттердi тең жүзеге асыру үшiн жағдайлар жасау.
Тәуелсіздік жылдары гендерлік саясатты дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды. Аталмыш комиссияның ұйытқы болуымен 2011 жылдың 5 наурызында Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі өтті.
2005 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданды. Гендерлік теңдік стратегиясының кіріспесінде «әлем елдерінің көпшілігі қол қойған Біріккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында ерлер мен әйелдердің теңдігін көтермелеу, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуының негізгі мақсаттары ретінде айқындалған» делінген. Бұл құжатта гендерлік тепе-теңдік нығайтуға да баса назар аударылды. Стратегия – көрсетілген жылдар аралығындағы кезеңде еркектер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізу жөніндегі міндеттердің шешілуін көздеді.
Қазақ халқы әйел мәртебесін әйгілі Мөңке бидің «Әйеліңмен дос бол, үйіңнің берекесі кіреді», Жиренше шешеннің Қарашаштың қара басын қара орманға балаған сөздерінен жоғары балағанын көруге болады.
Гендерлiк саясат – анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлықтың үлгісі болуға тиіс.
Н.Ержанов, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маман – сот мәжілісінің хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!