«Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығына Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 853 Жарлығымен өзгеріс енгізілді.
Жалпы гендерлік теңдікті қалыптастыру бағытында елімізді бірқатар ірі шаралар жүзеге асырылды.
1995 жылы Пекин декларациясына қосылған сәттен бастап мемлекет нысаналы түрде гендерлік саясатты қалыптастыруға бағыт алды. 1998 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылды, өңірлерде тиісті консультативтік-кеңесші органдар жұмыс істейді.
Қазақстан 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ-ның тұрақты даму саласындағы мақсаттарды іске асыру бойынша міндеттемелерді өзіне алды, ондағы 17 мақсаттың 12-сі гендерлік сезімтал болып табылады. Мақсаттардың бірі ретінде 5-ТДМ көрсетілген: «Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту». Ол кемсітушіліктің барлық нысандарын жоюға және қыздар мен әйелдер үшін мүмкіндіктер мен қарым-қатынастың теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
2006 жылға дейінгі Гендерлік саясат тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасында 2006 − 2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданып, іске асырылды, олар гендерлік теңдік мүддесінде ұлттық заңнаманы құру және жетілдіру бойынша одан әрі қадамдар жасауға мүмкіндік берді.
«Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» 2009 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Заңы гендерлік саясат саласындағы негізгі заңнамалық акт болып табылады.
2021 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстар тізімінің күшін жою бөлігінде өзгерістер енгізілді. Оны жою туралы шешім прогрессивті сипатқа ие және ерлер мен әйелдердің еңбек саласындағы тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері кеңеюде. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен республикада әйелдер кәсіпкерлігінің динамикалық секторы қалыптасты. Мұның барлығы гендерлік саясат тұжырымдамасында айқындалған.
Жалпы аталған тұжырымдама – қоғамда ер мен әйелдің қызмет сатысындағы талаптар мен қолжетімділіктің тең деңгейде сақталуын қадағалайды.
Аталған және бекітілген осы бағыттар бойынша бүгінде елімізде гендерлік саясаттың дамуында оң өзгерістер байқалады. Жылдан жылға өрістеп келе жатқан елімізде әр саладағы ілгерілеушілікке ерлермен қатар әйелдер де белсенділік танытуда. Мемлекеттік қызметтен бөлек жеке кәсіптің қарқын алуына да сеп болып келеді.

Жаңақорған аудандық сотының бас маманы А.Нысанбаева

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!