Сурет: ашық дереккөзден алынды
Махаббатты жоқ деп жүрген ауыздың,
Айтары да айтпағы да жауыздық.
Сүймегендер − аянышты пенделер,
Ғашықтарды жырлайды ақын аңыз ғып.
Арбамайды жүрегімде өзге өлең,
Меңреу жан ғой махаббатты сезбеген,
Ғашықтықтан туды менің бар жырым,
Жыр жазбаймын ғашық емес кезде мен.
Бұл өмірде дұшпаным бар, досым бар,
Мені ылғи да бақыттыға қосыңдар.
Ғашық күнім − ашық күнім ол менің,
Ғашық емес кездерімнен шошыңдар!
Тұманбай Молдағалиев
Иә, қазақ әдебиетінде махаббаттың бәсі биік. Бұл тақырып өлең мен әңгімелерде, жыр мен дастанда тамырын тереңге жайған тақырып. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Өтермін сірә да мен бұл өмірден, мәңгілік қалармын мен ғашық болып» деп жазуы, ал Мұхтар Шахановтың «Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір, ал қалғаны жай күндер» деп жырлауы − махаббатың адам өміріндегі мәнін ашық көрсеткендей.
Десе де «Мен ғашықпын, ешқашан болмаймыз бірге бірақ» дегендей, бір-біріне жүрегі жетсе де, қолы жетпеге талай ғашық бар. Солардың бірі 15 сәуір – ғашықтаркүнінің символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу.
2011 жылдан бастап 15 сәуір − Ұлттық ғашықтар күні ретінде тойланады. Бұл күнді атап өту туралы бастама 1999 жылы көтерілген.
Аңыз бойынша, Қозы мен Баянның махаббатына тағдыр қарсы келіп, көптеген да қалған. Сол тарих арқылы жастар махаббатты, адалдық пен батылдықты бағалауды үйренді. Ғашықтар туралы лиро-эпостық жыр XIII-XIV ғасырдан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасы тұсында қағазға түсірілген. Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже сынды ақындар арқылы ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен.
20-ға жуық нұсқасы бар жырдың ең танымалы – Жанақтың нұсқасы. Махаббат жыры Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп, бел құда болуынан басталады. Екі әке серттесіп, Қозы мен Баянды қосуға бел буады, бірақ Сарыбай сол уақыттары түйе қарап кетеді. Уақыт өте, Қарабай «Қызымды жетім ұлға бермеймін» деп, бір кездері отарын жұттан құтқарған Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың қосылуын қаламаған Қодар айласын асырып, Қозыны өлтіреді. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян Сұлу өш алу үшін қулыққа басады. Ол Қодарға құдықтан су алып берсе, оған күйеуге шығатынын айтады. Қыздың сөзіне сенген Қодар оның бұрымынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, Баян бұрымын кесіп тастайды. Осылайша, Қодар түпсізтұңғиыққа құлап өледі. Содан кейін Баян ғашығы жатқан күмбезге келіп, өз-өзіне қол жұмсайды.
Баян Сұлу – Қозы Көрпеш трагедиясы алғаш рет 1940 жылы 29 сәуірде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған, ал 1992 жылы «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» кино-картинасы көрерменге жол тартты.
Төлеген мен Жібек, Еңлік пен Кебек, Қозы мен Баян… Иә, бұл ғашықтардың тағдыры − махаббат үшін күресудің символы.
«Сірә, мендей ғашықтықтан бақ тауып,
Сірә, мендей мұңға батқан жан бар ма?».
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!