ҚР Білім және ғылым министрі «Ғылым» туралы Заңға енгізілетін өзгерістер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы жылдың соңына дейін «Ғылым туралы» заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырған болатын. Атап айтсақ, ғалымдардың жалақысын базалық қаржыландыруға қосу, іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми институттарды тікелей қаржыландыру тетігін енгізу, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту, Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдері бойынша апелляция институтын құру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында аталған мәселелерді шешу мүмкін болып отыр», – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Ведомство басшысы ендігі жерде қаржыландыру мен есеп беру рәсімдерін әлі де болса жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді жою және ғалымдардың өз идеялары мен әлеуетін жүзеге асыруы үшін қолайлы орта құру сияқты мәселелерді шешу қажеттігін айтады. Ғылым туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер осы мәселелердің шешімін табуға тиіс.

«Қазан айының соңында Үкімет қаулыларымен үш негізгі нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілді. Олардың қатарында Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереже, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидалары мен Базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидалары бар», – деген Асхат Аймағамбетов бұл нормалар ғалымдардың өміріне қалай әсер ететінін қысқаша баяндады.

«Біріншіден, енді 12 айдан астам мерзімге гранттық қаржыландыру алатын жобалар бойынша аралық есептер тапсырудың қажеті жоқ. Мемлекеттік стандарттың бюрократиялық нормалары бойынша бірнеше рет енгізілетін түзетулерді ескере отырып, бұрын-соңды жоба жетекшілеріне жыл сайын қазан-қараша айларында гранттық қаржыландыру бойынша аралық есептерді тапсыру үшін төрт апта қажет болатын. Ендігі кезекте 40 беттен тұратын есеп жазып, тапсырмай-ақ жоба туралы қысқаша мәліметтері бар сауалнаманы толтыруға жарты сағат жеткілікті», – дейді министр.

Оның жазбасына қарағанда, конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімі 145 жұмыс күнінен 92-ге дейін қысқартылып отыр. Сондай-ақ, конкурстық өтініммен бірге берілетін қосымшалардың саны 12-ден 5-ке дейін азайтылған. Тіпті келешекте бір өтінімге бір қосымша ғана ілестіріп беру қамтамасыз етілмек. Өтінім берген кезде форс-мажор жағдай болып қасла, үш күннің ішінде өтініш беруші ұйымнан басқа деректің бәрін өзгертуге мүмкіндік беріледі.

«Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жеке Ұлттық ғылыми кеңес құрылады. Оның құрамына негізінен экономиканың нақты секторы мен венчурлік бизнестің өкілдері, маркетологтар, тәуекел-менеджерлер, ірі инвестициялық жобалардың қатысушылары, қаржы сарапшылары және тағы басқалар кіреді. Ұлттық ғылыми кеңес мүшелерінің Әдеп кодексі бекітілді. Оны бұзу кеңестен шығарып жіберуге негіз болады. Енді Ұлттық ғылыми кеңес құрамындағы ғалымдардың саны көп болады, яғни 50%-дан астамы ғалымдардан құралады. Бұрын ереже бойынша Ұлттық ғылыми кеңес құрамында мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері көп болатын», – делінген министрдің жазбасында.

Оның айтуынша, заң аясында ғалымдарға елеулі қаржылық еркіндік беріліп отыр. Жобаға бөлінген қаражат үнемделген және пайдаланылмай қалған жағдайда ғылыми жетекші оны жалақыға, өзге де қызметтер мен жұмыстарға, материалдар мен жабдықтарды сатып алуға, жалға алуға, жабдықтар мен техниканы пайдалану шығыстарына өз бетінше бөағыттай алады. «Бұған дейін ғалымдар әрбір ұсақ-түйек үшін Ұлттық ғылыми кеңеске жүгінуге мәжбүр болатын.Аталған маңызды түзетулер топтамасы қабылданып, күшіне ене бастады.

Алайда, бұл да жеткіліксіз. Ғылым комитетіне процестердің басым бөлігін электрондық форматқа көшіру және барлық процесс пен мемлекеттік қызметтердің толық реинжинирингін жүргізуге, сондай-ақ рәсімдердің мерзімін азайтуға бағытталған тағы бір өзгерістер топтамасын әзірлеп, енгізу тапсырылды», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!