Кызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен инвестор тарту және инвестициялық ахуалды жақсартуға арналған өңірлік Кеңес отырысы өтті.

Жиында аймақ басшысы өңір экономикасына түсім түсіру, экономикалық даму жоспар шеңберіндегі қолға алынған жұмыстар мен инвестиция тарту мәселелерін қарады. Кеңесте 5 мәселе қозғалып, жауапты сала басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Облыс әкімі жиында келер жылы инвестиция көрсеткішінің межесі өте жоғары екенін, яғни өңірге 586 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылуы қажеттігін айтып, жобалардың тиімділігі мәселесін қозғады.

«Президент Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттерінің бірі – әлемде қалыптасқан жаңа ахуалда елге инвестиция әкелу. Осыған орай, Үкімет пен облыс әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес біздің облысқа биылғы жылы 230 млрд теңге инвестиция тарту межесі бекітілді. Есепті кезеңнің 11 айымен өңірге 239,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін жоспарды артығымен орындаймыз. Сонымен бірге «Облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму» жоспарында 265 инвестициялық жоба қамтылды. Жоспар аясында биылғы жылы 28 млрд теңге инвестиция игеру және 110 жобаны іске қосу жоспарланды. Бүгінгі күні оның 89-ын іске қостық», – деді облыс әкімі.

Жиында алғашқы мәселе өңірдегі қаржы институттарының жыл ішінде атқарған жұмыстарының есебі мен 2021 жылға жоспарларына арналды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» Қызылорда облыстық филиалының директоры Ерлан Түктібаев пандемия уақытындағы күрделі кезеңге қарамастан негізгі көрсеткіштер мен жобаларды қолдау бағытындағы жұмыстар былтырғы межеден төмен еместігін атап өтті.

Сонымен қатар, «Халық банк» акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалының директоры Алмат Данкенов маңыздылығы жоғары жобаларға қаржылай қолдау бағытына тоқталып, клиенттердің банкке келуін азайту мақсатында цифрлық кредит беру жұмыстары қарқын алып келе жатқанын атап өтті.

Кеңес отырысында Шиелі ауданындағы «Балауса фермасы» серіктестігінің Бала-Сауысқандық кен орнындағы қара тақта тастарды автоклавты өңдеу жобасы қаралды. «Балауса» ЖШС директоры Андрей Кузнецов мұнай нарығындағы ахуал мен пандемияға сәйкес жобаны ілгерілету жұмыстары кешігіп жатқанын алға тартып, кен өндірудің жоспарланған көлемін бірнеше жылдарға ауыстыру мәселесін қозғады.

Жиында облыс әкімі жобаның баяу жүріп жатқанын және кезеңдік жұмыстардың тек 1-кезеңі ғана іске асқанын назарға салды. Егер жоба әрі қарай баяу қарқынмен жүретін болса, жобаның экономикалық маңыздылығын ескере отырып, жер қойнауын пайдаланушыны ауыстыру мәселесі қаралатынын ескертті.

Сондай-ақ, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевке 2021 жылға жоспарланған инвестициялар көлемінің игерілуін бақылауды және келісім-шарттық міндеттемелер орындалмаған жағдайда, қатты пайдалы қазбалар бойынша тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Отырыста қаралған тағы бір мәселе – Жаңақорған ауданындағы «Абдулла» шаруа қожалығының «Бройлер өсіру және тауық етін өңдеу бойынша құс фермасы» жобасы. Облыс әкіміне шаруа қожалығының директоры Әбілхан Тәжімбетов жоба аясындағы негізгі басымдықтарды атап өтіп, ферма құрылысы 2021 жылдың қыркүйек айында іске қосылатынын баяндады.

Өз кезегінде Гүлшара Әбдіқалықова облыс халқының құс өнімдеріне қажеттілігі жылына 13,6 мың тонна құраса, қазір қажеттіліктің небәрі 3% ғана қамтылатынын еске салды. Егер құс фабрикасының жобасы іске қосылса, өңірдегі құс етіне қажеттілікті 3%-дан 33%-ға дейін арттыруға мүмкіндік болатынын айрықша атап өтті. Бұл ретте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердауси Қожабергеновке жобаға қажетті инженерлік инфрақұрылым жеткізу мәселесін «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қарастыру үшін жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырды.

«Жоба өте маңызды, инвестиция көлемі де қомақты, қаржыландыру мәселесінің шешілгені де қуантарлық жағдай. Жобаға қолдау көрсетуіміз қажет. Әбілхан Абдуллаұлы, әкімдік өз тарапынан қолданыстағы заңнама аясында барлық қолдауды шаруашылыққа көрсетеді. Сіздің міндет бизнес-жоспарда көрсетілгендей жобаны 2021 жылы іске қосу, 120 адамды жұмыспен қамту және 3,9 млрд.теңге қаражатты игеруіңіз қажет», – деді облыс әкімі.

Мұнан бөлек кеңесте Шиелі ауданындағы «Мөлдір және К» серіктестігінің «Құс фабрикасын кеңейту» жобасы да қаралды. Кәсіпорын 2016 жылдан бері жылына 15 мың дана жұмыртқа өндірумен айналысып келеді. Жалпы облыстың жұмыртқаға қажеттілік көлемі жылына 179,1 мың дананы құрайды. Өндіріс орны халық сұранысының маусымдық жағдайға байланысты 4,8 бен 8,3% аралығында қамтып отыр. Аймақ басшысы тиісті сала басшыларына құс өндіру жобаларын мемлекеттік қолдау шараларын алуы үшін Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізу жұмыстарын жүргізуді, мемлекеттік қолдау шарасы ретінде жер телімін бөлу мәселесін қарастыруды жүктеді.

Кеңестің күн тәртібіндегі соңғы мәселе «Дана кварц» серіктестігінің «Айна өндіру» инвестициялық жобасына арналды. Кәсіпкер Мамадияр Қадырбеков келесі жылы іске қосылатын шыны зауытының айналасында шыны өндіру арқылы шикізат алу және жаңа технологияны енгізуді қолға алатынын, жобаны «Байқоңыр» ӘКК» акционерлік қоғамымен бірлесіп жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова тиісті басқарма басшыларына жобаны Өңірлік үйлестіру Кеңесінің қарауына шығарып, Картаға енгізуді, жоба бастамашысымен бірлесіп, жердің рәсімделуін бақылауға алып, қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырды.

Жиында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова барлық жобалардың тиімділігіне анализ жасауды және кәсіпкерлерге жұмысты ширау қажеттігін назарына жеткізіп, Кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауды орынбасары Нұрлан Тілешевке тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!