Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын сынады. Айтуынша, ел оның игілігін сезіне алмай отыр.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың өзі ел алдында бірнеше рет таныстырып, Үкімет үлкен үміт артқан бағдарламаның несі дұрыс емес? Бекітілгеніне жарты жыл болмай жатып неге сынның астында қалды? ҚазАқпарат осы сұраққа жауап іздеп көрді.
Аталған бағдарламаның қажеттігін Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда айтқан . Пандемия, дағдарыстар тізбегі, қаңтар оқиғасы. Бұл сынақтың бәрі ең әуелі халықтың әлеуметтік жағдайынан көрініс тапқаны белгілі. Бір ауған жүкті қайтадан оңдау қаншалықты қиын болса, халықтың жұқарған қалтасын қалыңдату да соншалықты күрделі шаруа.
Бұған дейін әлеуметтік теңсіздіктің ұңғыл-шұңғылын бюджеттен төленетін төлемдер арқылы жабуға бой үйретіп алған Үкіметтің алдынан жаңа мәселе шықты. Келешектің қамына деп құрылған Ұлттық қорды бұдан әрі ысыраптау қауіпті бола бастады.
Әлеуметтік төлемдердің бюджетке салар салмағы да, халықтың әлеуметтік ахуалы да ауыр күйінде қалып отыр. Жылдың басында ірі бизнес өкілдерімен кездескен Президент халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден, жылдық табысы 1300 АҚШ долларынан аспайтынын айтқан болатын.
Кейін де Президент ресми статистиканың қисынсыз деректері мемлекеттік жоспарлау ісіне кесірін тигізіп жатқанын сынады.
Қасаң статистиканың кесірі
Біз сөз етіп отырған бағдарламаның кіріспе шолуындағы деректер Президент келтірген деректерге қарағанда оптимизмге жақын деп айтуға болады. Яғни, құжатты әзірлеушілер мен бағдарлама операторларының қандай да бір шешім қабылдарда ресми статистиканың қасаң деректерін басшылыққа алу тәжірибесінен бас тартқысы жоқ.
«Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,3%-ды құрайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының әдістемесі бойынша, Қазақстандағы кедейшілік деңгейі орта есеппен 10%-ды құрайды. ЭЫДҰ елдерінде кедей халықтың үлесі 11,6%-ды құрайды (АҚШ-та – 16,8 %, Израильде – 17,7 %, Чилиде – 16,8 %, Канадада – 14,2 %, Аустралияда – 12,8 %, Ұлыбританияда – 10,8 %)», – деп жазылған бағдарламаның кіріспе шолуында.Бағдарлама авторлары ұсынған статистиканың айтар ойы елдегі кедейлердің үлесі АҚШ, Израиль, Ұлыбритания Канада сияқты дамыған мемлекеттерден аз дегенге саяды.
Бірақ мұндай оптимистік статистиканың халықтың азық-түлік себетімен сәйкеспейтіні бар. Мұнайлы деп есептелетін Маңғыстау мен Атырау облыстарында, қойнауы кенге бай саналатын Қарағанды мен Шығыс Қазақстанда, топырағы құнарлы Солтүстік Қазақстан мен Қостанайда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Павлодар өңірлерінде, тіпті ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне (37389 теңге –ред.) де жетпейтін халықтың үлесі өсіп келеді. Бағдарламада бұл деректер де айтылған.
«5 өңірде (Ақмола, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақтан облыстары және Шымкент қ.) кедейлік көрсеткіші республикалық орташа деңгейден жоғары (5,3 %)», – делінген бағдарлама мәтінінде.
Ресми статистика бойынша, жалпы ішкі өнімнің құрылымындағы еңбекақының үлесі тым төмен. Тіпті Еуразиялық экономикалық одақ елдердің көрсеткіші де Қазақстандікінен жоғары. 2020 жылы ЖІӨ-дегі еңбекақының үлесі 31,2 % болса, Ресейде – 46,7 %, Беларусьте – 49,7 % болған.
«Бұл еңбекақы төлеудегі сәйкессіздіктерге, жасырын жұмыссыздықтың болуына байланысты»,- деп топшылайды құжатты әзірлеушілер.Бағдарлама авторлары Қазақстанда орташа еңбекақы мен медианды жалақы мөлшерінің арасындағы айырмашылықтың тым үлкен екенін айтады.
Мысалы, былтыр төртінші тоқсанда қазақстандықтардың орташа айлығы 275,6 мың теңге екені туралы ресми статистика жарияланды. Ал медианды айлық көлемі 157,9 мың теңге болған.
Мемлекет басшысы елдегі байлықтың 55 пайызын 162 адам ұстап отырғанын айтқан болатын. Бағдарлама авторлары құжат жобасын әзірлеген кезде Президент мәліметімен сәйкеспейтін басқа деректі пайдаланған.
«Кедей санатындағы 3,8 млн халық жалпы табыс жиынтығының 9,42 %-ын иеленеді. Ал ең бай 3,8 млн адамға жалпы табыстың 39,4%-ы тиесілі», – деген мәлімет келтіреді. Дегенмен халықтың кедейленуіне игіліктердің әділетті бөлінбеуі себепкер екені айтылған. Бірақ бағдарлама аясында қабылданған шараларда теңсіздікті жоюдың құқықтық базасы туралы ештеңе айтылмаған. Халықтың табысын арттыруға қауқары бар шаралардың негізгі бөлігі бюджеттен төленетін төлемдерге негізделген
Бағдарлама мынадай 4 бағыт бойынша іс-шараларды қамтиды
Елде жасалған 154 635 ұжымдық шарттың тек 30 мыңына кәсіподақтар қол қойғанҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Халықтың табысын арттыру 2025 жылға дейінгі бағдарламасының аясында атқарылып жатқан шаруалар азық-түлік бағасының қымбаттауы мен инфляцияның көлеңкесінде қалып отыр.«Кейінгі онжылдықта бағамен күресуде монетарлық шаралар басымырақ болды. Нәтижесі сұранысты басуға алып келді. Олар, сондай-ақ, бағаны шектеудің сәтсіз тәсілдерін қолдануға тырысты. Бағаға әсер етудің анағұрлым тиімді макроэкономикалық шаралары (қолжетімді несиені ынталандыру) және институционалдық тәсілдер (бәсекелестікті дамыту, кәсіпкерлік тәуекелдерді төмендету) сирек қолданылады», – дейді федерация басшысы.
Сондай-ақ, ол бағдарлама іске қосылғанына қарамастан, еңбекке ақы төлеу саласы әлі бейберекеттіліктен арылмағанын айтады.«Экономикалық қызмет түрлері, шаруашылық жүргізуші субъектілер, жұмыскерлердің кәсіби топтарына ақы төлеудің қалыптасқан жүйесі әділетсіз параметрлерге негізделген. Бірыңғай тарифтік кестені, ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесін шұғыл түрде жаңарту қажет», – дейді ұйым басшысы
Бұл олқылықты жою үшін Кәсіподақтар федерациясы Еңбек кодексіне еңбекке ақы төлеу жүйесін жұмыскерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып айқындауға жол ашатын толықтыру енгізуді ұсынған көрінеді.«ҚР Еңбек кодексінің 157-бабының 2-тармағы 2) тармақшасы бойынша, ұжымдық шартқа жалақыны индекстеу тәртібін енгізу міндетті ереже емес, тек мүмкіндік ретінде қарастырылған. Біз заңнамада жалақыны индекстеу түсінігінің анықтамалары мен белгілеулерін, жұмыс берушiлердiң жалақыны индекстеу мiндетi туралы нақты заңнамалық нормаларын, жалақыны индексациялаудың оның кезеңділігі мен өлшемдеріне байланысты негізгі принциптерін белгілеуді ұсынамыз», – дейді федерацияның төрағасы
Неге екені белгісіз, Кәсіподақтар федерациясы берген бұл ұсыныстар бағдарламада көрініс таппаған.Қазақстанда ең төменгі орташа айлық 60 000 емес, 125 мың теңге болу керек«Бізге Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын ратификациялау қажет. Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы орташа айлық жалақының 50%-ы деңгейінде болуы керек. Бұл Қазақстанның мысалында шамамен 125 мың теңге болуы керек. Сондай-ақ, бірқатар елдерде ең төменгі жалақыны анықтау үшін «ең төменгі тұтыну бюджеті» деп аталатын – ең төменгі күнкөріс деңгейімен салыстырғанда жоғары деңгейдегі игіліктер мен қызметтерді бағалауды сипаттайтын есептік шама қолданылады
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!