Туризм индустриясының экономиканы дамытуда ықпалы зор. Оның халықаралық байланыста және валюталық түсім көзі ретінде маңызы айтарлықтай. Бірақ пандемия жығылғанға жұдырық болды. Көзге түскен олқылықтардың орны толуы тек уақыт еншісінде және бұл дүние әлі де жұмысты күшейту керек дегенге саяды. Әсіресе, замандастарым, ерікті жастарсаланы дамытуға бірлесе күш салса деген тілегім бар.

Француздар киелі жері Нотр-Дамды мақтан тұтса, ағылшындар Стоунхендж тас мүсіндерін, немістер көне қалалары Ротенбургты ұлық ететіні, ал бізде, бір ғана Сыр өңірінің өзінде мақтан ететін қасиетті орындардың көп екені айқын. Жұмбағы көп жауһарға айналған «Шірік-Рабат», «Жетіасар», «Сауысқандық петроглифтері» секілді ескеркіштердің орны ерек. «Болса Тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай». Ғұлама Хиссамуддин әл-Сығанақи осылай жырлаған. Өлең жолдарынан Сығанақтың да шат-шадыманға толы асыл мекен болғанын аңғаруға болады. Қастерлі музыка өнерінің іргесін қалаған, халқының мұңы мен зарын жырлап, толғаныс толқындарын 7 нотаға сыйғыза білген Қорқыт бабаның өнегелі еңбектері әрбір қазақ мойнына артылған аманат жүгі десем, қате айтпағаным. ЮНЕСКО ұйымының «Жастар және мәдени мұра» жобасында жеңімпаз деп танылған «Қызылорданың тарихи жерлері» атты өнертабысымосы тұнған тарихымызға бойлап, барымызды қадірлеп-қастерлеуге, тақымында тер кеппеген Бұқарбай батыр секілді жауынгерлердің ерлігін естен шығармауға шақырады.

Мұнда мен 10 тарихи мекенді қамтитын карта жасап, әрбір қала қонағы үшін таптырмас құралға айналатын мобильді маршрут жасақтадым. Маршруттық картадан бөлек, 2 сағаттық қысқаша саяхатқа арнайы жазылған аудиогид қамтылды. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазбаланды. Жобамның ерекшеленген тұсы да осы. Нәтижесінде 65 қатысушының арасынан суырылып шығып, жеңімпаздар қатарынан көріндім. «Қасиетті Оңтүстік» атты Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларының тарихи мекендерін тамашалауға арналған турға тегін жолдама да ұтып алуым соның нәтижесі.

Орайы келгенде айта кетейін,тарихи туризм орталығына айналған Түркістан шаһарындағы мәдени мұралардың қалпына келіп, абаттандыру жұмыстарының қарқынды жүруінің нәтижесінде келушілер саны еселей түсуде. Қызмет көрсету нысандары да күннен күнге көбеюде. Халықаралық стандарттарға сүйінер болсақ, әрбір 50 км сайын осындай нысандар болуы тиіс екен. Бізге де үлгі алу керек. Бұдан бөлек, саланы дамытуға ынталы жас ретінде облыста цифрландыру жұмыстарының деңгейі артқанын қалар едім. Өйткені  топырағын түртіп қалсаң, көне заманның бір беті ашыла кететін тарихи нысандарды туристерге мақтанышпен таныстыру, туризмді түрлендіруенді біздің еншімізде екенін түйсінемін. Алдағы уақытта мен де жаңашылдыққа бастайтын жобамды жалғастырмақ ниеттемін және өнертабысымды патенттеу жоспарымда.

Әйгерім ТҰРМАХАНОВА,

Химия-биологиялық бағыттағы

 Назарбаев Зияткерлік мектебінің

12 сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!