Қызылорда облысының бұрыңғы әкімі Қуанышбек Ысқақовтың жазасының қалған бөлігі бас бостандығынан айыру түрінен шектеу түріне ауыстырылды. Бұл туралы қорғаушы Ләззат Ахатова фейсбук әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
«Сыр елі үшін жақсы жаңалық! Қызылорда соты облыстың экс-әкімі Қуанышбек Искаковтың жазасының қалған бөлігін бас бостандығынан айыру түрінен шектеу түріне ауыстырды! Қаулы 15 күнде күшіне енеді. Ол деген сөз – енді түрмеде емес, отбасының қасында болады. Жазасының қалған бөлігін енді үйінде жүріп өтейді. Пробациялық бақылауда болады. Толық ақталмаса да, осының өзі – күні-түні ұлының тілеуін тілеп, дұғасынан, намазынан тастамай отырған 86 жасар анасы үшін, жары, бауырлары, балалары үшін – дәтке қуат», – деп жазды қорғаушы Ләззат Ахатова.
Айта кетейік, Қызылорда облысының экс-әкіміне қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша айып тағылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!