«Мен неге қоқыс жайлы ойлануым керек? Ай сайын коммуналдық төлем төлеп отырмын ғой». Қоқыс туралы әңгіме қозғалғанда, басым бөлігіміздің берер жауабымыз осы. «Жұрттың балалары… » деген сөз сап ете қалады осындайда.
Шынында, өзге елдер қоқыстың қалауын келістірсең, кіріс көзі екенін әлдеқашан зерттеп, пайдаға асырып қойды. Деректерді қарасақ, Германия жылына шығарылатын қоқыстың 62 процентін қайта өңдейді. Бұл мемлекетпен қатар Австрия да осындай көлемде өңдеумен айналысады. Ал, осындай технологиядан соң резеңкеден паркет, бөтелкеден күртеше дайындалады. Мұны не үшін қозғап отырмыз, бізге кәмпиттің қабығы да пайдаға жарамсыз қоқыстай көрінеді емес пе?! Қуантарлығы, қызылордалық София Темірболат бұлай есептемейді. Оны да табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік бар деп біледі. Ақыл – жастан…
– Түрлі жобалар жасағым келеді. Бірде кезекті идеямды жүзеге асырсам деп, ғаламторды шарладым. Қызықты экологиялық бастамалар бар екен. Соның ішінде қоқысты пайдаға жарату жайлы тақырыптар қамтылған. Өзім шығармашылыққа жақын болғандықтан күнде жеп жүрген кәмпитімді неге жобама қоспасқа деген ойға келдім. Содан кейін осы кәмпит қабығын ісмерлікке пайдаланып, панноларымның әдемілігі үшін қолдана бастадым. Әлеуметтік желілерге жүктедім, көпшілік қызыға бастады, – дейдіСофия.
Кейіпкеріміз 5 жыл ішінде бірнеше туындыларына қанат бітірген. Жұмыс барысында тұздың, шайдың сыртқы орамасын да пайдаланған кезі болыпты. Тың дүниелерінде ұлттық калоритті, ұлттық нақышты бейнелеуге тырысады. Бұдан бөлек, София сурет салумен де шұғылданады екен. Жұмыстарын бірқатар көрмеге қойған, онда оны сатып алсам деушілер кездесіпті.
Әдемілікке іңкәр кейіпкеріміздің ізденімпаз екенін байқау кім-кімге де қиын емес. Бастысы, шығармашыл жастың әлі талай жаңа идеясы көпке ой салады деп білеміз. Себебі, Софияның бұл туындылары – жоқтан бар етіп, қоқыстан да бизнес жасауға болатынының айғағы.
– Қайта өңдеу кем дегенде екі міндетті шешеді. Біріншісі, экологияны таза ұстауға үлес қосады. Өйткені полиэтилендер қоршаған ортаны ластайды. Ал, екіншісі ол – пайда көзі. Жетістіктің ең кереметі десек болар, ендігі жерде қоқыс арқылы жол салу да қолға алынуда. Бұл – әлі де зерттеп- зерделейтін мәселе. Шығармашылықтан бөлек, мен осы маңызды тақарыпқа терең бойлап, болашақта елге пайда әкелетін бастаманы қолға алуды ойлаймын, – дейді София.
М.СНАДИНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!