Соңғы уақытта мемлекеттік бағдарламаның басым бөлігі сапалы медицинаны қалыптастыруға, кәсіби маман әзірлеуге бағытталғаны байқалады. Пандемия кезіндегі ахуал да бұл шешімнің лайықты бастама екенін айқындады. Оның үстіне ғалам індетпен алысқанда дәрі-дәрмекпен қатар, медицина мамандарының тапшылығы ауадай сезілгені есте. Сондықтан медициналық білім беру ұйымдарының бағыт-бағдары мен тыныс-тіршілігін үнемі назарда ұстау күн тәртібінде. Себебі әрбір өзгерістің саланың келешегіне әсері мол. Бұл орайда аймақтағы Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жаңалығы жетерлік.
Білім ордасы сырбойылықтарға жақсы таныс және оқу орнындағы білім сапасы көңіл көншітерлік. Ғасырға жуық тарихы бармедицина мамандарының ұстаханасы көптеген медициналық ұйымдармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасуды жолға қойған. Бұдан бөлек, материалдық-техникалық база, педагогикалық ұжым, жайлы жағдай колледжді саладағы алдыңғы қатарлы білім беру ұйымына айналдырды. Биыл мұнда мемлекеттік сұраныс бойынша 300, ақылы негізде 347 білім алушы қабылданыпты. Жалпы колледж орта буын медицина бакалаврларын дайындауда нәтижелі жұміс істеуде. Соның ішінде орта буын медицина қызметкердің рөлін арттыру, оларды дайындаудың практикалық бағытын нығайту мақсатында қолға алынған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын атауға болады. Бағдарлама шеңберінде мейіргер ісі мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат білім беру бағдарламасы әзірленіп, пилоттық жоба қатарына енген. Бағдарлама аясында 2018 жылы жалпы орта білім негізінде 21, жеделдетілген бағдарлама негізінде 48 түлек аяқтап шыққан. Пилоттық жоба негізінде бітірген түлектердің барлығы білім сапасын тәуелсіз сыртқы бағалау тестінен сәтті өткен.
– Мейіргер ісін дамытудың кешенді даму жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін аймақты 40% қолданбалы бакалавр мамандарымен қамтамасыз ету жүргізілуде. Осы мақсатта 1,6 жылдық жеделдетілген білім беру бағдарламасымен жылына 250 мейіргер дайындалады. Негізгі мақсат – бәсекеге қабілетті, еуропалық директиваға сәйкес келетін тәжірибелі мейіргер дайындау. Оған қоса колледждің тәжірибелі оқытушылары қолданбалы бакалавр бойынша фельдшер, акушер секілді орта буын медицина мамандарын дайындауда.
Мамандық сапасын артыру, ітәжірибелік білімді жетілдіру – колледждің басты ұстанымы. Әр оқу жылында аудиттік тексерудің жылдық жоспары әзірленіп, колледж директорымен бекітіледі. Нәтижесі педагогикалық кеңесте қаралып, анықталған кемшіліктерді жою үшін мерзім нақтыланады, – деді колледж директорының орынбасары Бақыт Әбдіғаниева.
Бүгінде аймақтағы көптеген медициналық ұйымда Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студентін кезіктіру оңай. Сала мамандарымен тығыз байланыс орнатқан колледж оқу-өндірістік және диплом алдындағы кәсіптік-практика жұмысын ұйымдастыру үшін түрлі келісімшарқа отырған. Мысалы, өткен оқу жылының ІІ жартыжылында оқу-өндірістік және дипломалды практикаға 717 студент жіберілген екен. Олардың ішінде мейірбике ісі мамандығы бойынша 102, емдеу ісі мамандығы бойынша 190, ортопедиялық стоматология мамандығы бойынша 23 оқушы бар.
Білікті маман – білімді орта
Білім беру ісінде нәтижеге жетудің басты кепілі – сауатты ұстаз. Осы орайда колледждің дәрігерлік-оқытушылық құрамы туралы айта кеткен жөн. Мұнда 109 ұстаз өнегелі тәрбие беріп келеді. Оқытушыларға қолайлы жағдай жасалған. Тіпті биылдан бастап «педагог-шебер», «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы», «педагог-модератор» біліктілік санаттары бойынша еңбекақыға үстемеақы төленуде.
Оқу процессінің басты бөлігі саналатын әдістемелік жұмыс та оқытушылар назарынан тыс қалмаған. Тәжірибелі мамандар оқыту әдісін жетілдіру, оқу үдерісін ұйымдастыру, жаңа әдісті енгізу бойынша тұрақты түрде басқосу ұйымдастыруды дәстүрге айналдырыпты. Нәтижесінде колледж педагогтары түрлі семинар-тренингтер өткізіп, дамуға күш салуда.
– Педагогтар республикалық, жергілікті сала мамандарымен тығыз байланыста. Биыл жаңартылған білім мазмұны, қысқа мерзімді жоспарлау, пәндерді ағылшын тілінде өту секілді тақырыпта семинарлар ұйымдастырылды. Оған қоса «Zoom.us, Socrative teacher, Quizizz.com, Quizlet, Learning Apps, Jambord, Kahoot.it бағдарламаларын қолдану техникасы», «Белсенді оқыту әдістерін қолдану арқылы білім сапасын арттыру», «WorldSkills стандарттарын оқу процесіне қосу», «Саралап оқыту тәсілдерін қолдану арқылы білім алушылардың білім сапасын арттыру» тақырыбындағы ізденістер бір бөлек. Сондай-ақ педагогикалық қызметін жаңа бастаған оқытушылардың тез бейімделіп, жұмысын жүйеге салуына «Жас оқытушы мектебі» көмектеседі. Аталған мектептің жұмысын ұйымдастыруға әдіскерлермен қатар, тәжірибелі оқытушылар да белсенді үлес қосады. Бүгінде «Жас оқытушы мектебінің» жұмысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Колледжде педагогикалық қызметін жаңа бастаған 11 оқытушы бар, – деді Бақыт Егізбайқызы.
Оқушыға оңтайлы жағдай
Оқушының білімге ынтасын ояту үшін алдымен жағдай жасау қажет. Жатын орын, шәкіртақы, оқу-құралы секілді мүмкіндіктер алаңсыз білім алуға жол ашады. Бұл тұрғыда Қызылорда медициналық жоғары колледжі алдыңғы орында. Себебі оқу орнының материалдық-техникалық базасы, жатақхана жайы республикадағы өзге білім беру ұйымдарынан кем емес. Мәселен, 300 орынға шақталған жатақханада барлық мүмкіндік жасалған. Әр қабаттағы тамақ әзірлеуге арналған тұрмыстық бөлме, бос уақытқа арналған демалыс орны, медициналық пункт, оқу залы жөндеуден өтіп, керек-жарақ толықтырылыпты. Тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, кір машинасы секілді тұрмыстық техникалар да қамтылған. Жатақханада тәрбиешілер, студенттер кеңесі жұмыс істеуде. Егер туындаған сауал болса, дереу әкімшілікке жеткізуге болады. Сол арқылы мәселені шешу жолға қойылған. Мәдени, тәртіптік жұмыстың жүйелі жүруін, жатақхана тұрғындарының тәртібін қадағалауды студенттер кеңесі қадағалайды. Топ жетекшісі мен ата-ана байланысы да назарда. Биылдың өзінде жатақханаға 186 оқушы қабылданған.
Мұндағы оқу-құрал мәселесі де оңтайлы шешімін тапқан. Колледждегі кітапхана жыл сайын жаңа оқулықтармен толығып, студенттің үздіксіз білім алуына септесуде. Оқу залы, электронды зал, кітап беру секілді бөлімдер жүйелі жұмыс істеуде. Кітап қоры да ұлғайған. Кітапханада 80 мыңнан астам кітап, мыңға тарта электронды басылым жинақталған екен. Электронды каталог пен ғаламтор қосылған компьютерлер оқырманға мүмкіндік есігін ашса, іздеу жүйесін жетілдіру мақсатында орнатылған «КАБИС» бағдарламасы – уақыт үнемдеуге таптырмайтын құрал.
P.S. Қазір Қызылорда медициналық жоғары колледжі сапалы білім берудің озық үлгісін көрсетіп келеді. Оқу орны Білім беру ісіндегі сапаны қамтамасыз етудің тәуелсіз агенттігі (IQAA) ұйымдастырған ұлттық рейтингте медициналық колледждер арасында 5-орынға ие болған еді. Ал 2017 жылғы қорытындыда техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары арасындағы облыстық байқауында І орынға лайық деп танылған.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!