Премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Қазіргі ахуал және бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев баяндады. Жыл басынан бері баға 17,1%-ға өскен. Атап айтқанда, пияз, қырыққабат, қант, картоп, сәбіз, қарақұмық бағасы ең көп көтерілген.

Өңірлер бойынша баға Жамбыл және Маңғыстау облыстарында 18,7%-ға, Алматы облысында 18,6%-ға, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 18,5%-ға және Шымкент қаласында 18%-ға өскен, бұл – өңірлер бойынша бағаның ең көп көтерілуі.

Ұсынылған шаралар ретінде Е. Қазанбаев сауда үстемесін арттыру фактілерін анықтау және заңнамада көзделген шараларды қабылдау үшін монополияға қарсы органдар мен ЖАО-ға электрондық шот-фактуралардың деректерін жіберуге мүмкіндік беретін мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығын әзірлеуді ұсынды.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов 15 пайыздық сауда үстемесін, әсіресе үй жанындағы дүкендердегі бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қант қоры 100 мың тоннадан асады, ал айына тұтыну 59 мың тоннаны құрайды. Бұл – жеткілікті мөлшер. Бірақ үй жанындағы дүкендерде қант 700-800 теңгеден сатылады. Бұл – сұранысты пайдаланып, үстеме ақы қойып отырған жеке тұлғалардың заңсыз кәсіпкерлік қызметінің нәтижесі. Жалпы қанттың орташа бағасы шамамен 480-490 теңге/кг болуы тиіс. Мұны ретке келтіру керек», — деп тапсырды Үкімет басшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!