Дөңгеленген дүниені дүрбелеңге салған фильм әлемдік киноиндустрияның жаңа толқынына айналды. Әңгіме Netflix-тың қолдауымен түсірілген «Кальмар ойыны» жайында. Алтын күзде ауыздан түспеген дорама 9сериядан тұрады.

Қаржыдан қиналғандар мен қарыздан арыла алмай жүргендерге мотивация ретінде түсірілген туынды көпшілікті баурап алды. Ол аз уақытта 120 млн қаралымжинап үлгерген. Басты фишкасы – берілген тапсырманы орындау арқылы қомақты қаржыны жеңіп алу. Жеңімпаз біреу, үміткер көп. Сонымен  қорқыныш пен үрейге толы «Кальмар ойынының» сиқыры неде? Тақырыпты тарқатып көрсек.

Фильмдегі 9 серия 9 тапсырмадан тұрады. Ойын ойнау арқылы 38,5 млн АҚШ долларын ұтып аласың. Қарызға белшесінен батып, қанша тырысса да құтыла алмай жүрген 456 адам ақыры ақша арбасына осылай оңай алданып қалады. Финалға дейін 3 қатысушы аман қалып, «кальмар ойынына» қатысады. Аталған 3 қатысушы киноның басты кейіпкерлері– Ки Хун,Сан У, Саэ-Пек. Тапсырма барысында қатысушылар «азайған» сайын, құтыдағы ақша көбейіп отырады. Мұны білген қатысушылар жауыздыққа дейін барды. Соңында Ки Хун жеңіске жетіп, қалыпты өмірге оралады. Бірақ үйіне барса, анасының қайтыс болғанын біледі. Өмірін ойынға тіккен ол қатігездікпен қол жеткізген ақшасына мүлде тиіспейді. Ар азабын тартқаны айқын. Бақандай 455 адам ажал құшты. Бәрінің де  арманы ақша еді. Алайда жеңіл жолмен келген ақшаның құны жоғы – фильмнің түйіні.

Феномені көп фильмге не себепті 456 үміткер  қатыстырылған? Себебі, нумерологияда бұл санның өзіндік мәні бар екен. 456 нөміріндегі жасырын хабарлама қаржы саласына қатысты болып шықты. Төрт – бақытқа жетудің оңай жолын іздеу. Ал бестік ескертуді білдіреді. 4 пен 5-тің комбинациясы жақын арада өмірді түбегейлі өзгертетін үлкен мүмкіндік туралы сыр шертеді. Бес пен алты тез арада отбасын құру яки некені сақтап қалуды міндеттейді.

Кинодағы геометриялық таңбалардың да психологиялық мағынасы бар. Психологтардың айтуынша, үшбұрыш жігерлі, қайратты тұлғалар. Олар үшін көпшіліктің назарында болу, үнемі біреуден жоғары тұру маңызды. Жүйкесі темірдей мықты төртбұрыштар салқынқандылығымен мақтана алады. Табиғатынан ережеге бағынышты консерваторлар. Жанжалдан аулақ.  Нақты ұстанымы жоқ әрі үнемі тікелей сұрақтардан қашуға тырысатындар. Бұл ретте психологтар фильмнің қоғам һәм балалар үшін қауіптілігін алға тартып отыр.

«Кальмар ойыны»фильмі балалар, жасөспірімдер үшін қауіпті. Мұнда қатігездік көрініс табады. Енді ғана қалыптасып келе жатқан психологиясына кері әсер етеді. Бұрын балалар анасы мен қызы, дүкенші, құтқарушы, полицей сынды ойындарды ойнайтын. Енді балалар қаскөйді сомдауы мүмкін. Белгісіз адамдардың мектепке басып кіріп, оқушыларды атып тастағанынаәлемдегі оқиғалар дәлел емес пе? Сондықтан ата-ана баланың теледидардан, ғаламтордан қандай контент қарап отырғанын қатаң бақылауда ұстау керек», – дейді психолог Галина Салтанова.

Дабыл қағылғанмен корей киносын жастар арасында үзбей көретіндер жиілеген.

– «Кальмар ойыны» сериалы негізгі мәселелерді көрсете білді. Мысалы, сериал барысында несие алғандар статистикасы келтірілді. Күнделікті өмірде бір несиеден кейін соны жабу үшін келесісін алып, талай банктің табалдырығын тоздырған жандар барын көріп жүрміз. Фильмде бұл ашық көрсетілген, кейіпкерлердің әрекеті, қабылдаған шешімі де ой салады. Бас кейіпкер Сон Ки Хунды көпшілік тым мейірімді етіп көрсеткен дейді. Иә, мұнымен келісемін. Дәл осы кейіпкер арқылы фильм түсірушілер адамдар арасында мейірімнің жойылып бара жатқанын айтқысы келді деген ой түйдім.Қандай орта, қандай ұлт, қандай ел болмасын, мейірім мен адамгершілік жоғары бағаланатынын ұмытпаған жөн, – дейді Уән Назархан.

Қарызданған қоғамды шынайы сипаттаған «Кальмар ойыны» осы идеясымен бағалы болуы мүмкін. «Алтын көрсе, періште жолдан таятынын» осы фильм сипаттап бергендей. Бірақ бала санасын улайтын бейәдеп сериал мен осындай қанқұйлы дорамалар табыс көзі болғанмен, болашақ ұрпаққа қасірет болып келуі ғажап емес. Оның үстіне жақында Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Кариновафильмде шектеу барын және ол 18 жастан асқан көрермендерге ғана арналғанын еске салды. Мектептегі тәрбиелік шаралараясында балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдыларын үйретуді, сериалға қатысты шектеулерге назар аударуды қатаң тапсырды.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!