Көлдің тыныс тіршілігін дамыту үшін  аэрация жұмысы қашанда маңызды. Әсіресе ауа температурасы айтарлықтай төмендеген қыс ауасында су астындағы тіршілік иелеріне қауіп төнеді. Сондықтан түйткілді мәселені шешімін табу үшін аэрация қызметін ұйымдастырамыз.

Аумағы 40 гектарды құрайтын «Балтажарған»  көлін дамытуға шама-шарқымыз келгенше атсалысып келеміз. Жылдағы дәстүр бойынша балық  инспекциясымен бірге  қалың қар мен мұз астындағы балықтарды оттегімен қамту мақсатында мұз ойып, білек сыбана қызу тіршілікке кірісеміз. «Балтажарған» көлінің өзінде балықтың түр-түрі бар. Мұнда сазан, дөңмаңдай, торта,  қызылқанат, шортан, табан, жыланбас, күміс түстес мөңке, қылыш балық пен көксерке секілді балық тұқымдары тіршілік етеді. Жыл сайын соларды баптап, жаппай тұншығып қалу қаупінен сақтау үшін көлде аэрацияны жиі жүргізіп тұрамыз.

Мұнан бөлек жылына екі мәрте яғни көктем мен күз айларында су айдынын таза ұстау, көлді тереңдету, маңайындағы қатты өсімдіктерді шабу, тағысын тағы жұмыстарды қылыпты түрде жүргіземіз. Сондай-ақ жыл сайын күріш егістігінде қалған шабақтарды құтқарып, көлге әкелеміз. Сонымен қатар табиғат пайдаланушылардың шартты міндеттерін өткізу шараларын қадағалаймыз, яғни көктемде су асытындағы балықтарды ысырапсыз шығару басты міндетіміз. Себебі мемлекеттің азық-түлік бағдарламасына сәйкес ішкі, сыртқы экспортқа ет өнімдерінің ішінде балық та кіретінін ескереміз. Дегенмен көл маңында арнайы қорғау белгісі бар ақпараттық тақтайшалар орнатылған. Яғни балық аулау үшін арнайы ережелер сақталуы тиіс. Мысалы, қытайдың зиянды ау-торымен немесе тоқпен соғып, қыруар балықты бірден қармап қалу құпталмайды. Мұндай жағдай орын алса, инспекцияның көмегімен заңға бағынбағандардың құрал-сайманын тәркілеп, тәртіпке шақырамыз.

Ұ.ҚАСЫМБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!