Еліміздің ірі сауда орталықтарында мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке дайындық бойынша көмек көрсету пункттері ашылды. Одан бөлек, ата-аналардың сауалдарына жауап беретін жедел желі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы 2008 жылдан бастап тұрақты ұйымдастырылып келеді. Аталған көмек аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары, асыраушысынан айырылған және ерекше балаларға бағытталған. Одан бөлек, аталған санаттағы балалар жалпыға бірдей білім беру қорынан да қаржылай көмек алып келеді», -деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ОКҚ-де өткен брифингіде.
Оның айтуынша, аталған қайырымдылық шара дәстүрге айналды.
«Өткен жылы демеушілер мен меценаттар 3 млрд 781 млн теңгеге 204 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетті. Биыл қайырымдылық акциясы 1-30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса» ұранымен өтеді. Азаматтардың өтінішіне назар аудару мақсатында жедел желі іске қосылды. Одан бөлек, ірі сауда орталықтарында мұқтаж оқушыларға гуманитарлық көмек көрсету пункттері ашылды. Балалардың құқығын қорғау комитетінде 74-25-28 жедел байланыс телефонына хабарласуға болады. Сондай-ақ, BALA QORǴAÝ Telegram чаты жұмыс істейді», – дейді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!