Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызы “Достық үйінің” мәжіліс залында қоғамдық тыңдау кезінде айтты. Қоғамдық тыңдаудың күн тәртібінде дәстүрлі форматта білім беру жайы мен жаңа оқу жылының дайындық жұмыстары мәселелері қаралды. Басқарма басшысы өз сөзінде 2021-2022 жаңа оқу жылы дәстүрлі түрде барлық санитарлық қауіпсіздік шаралары сақтала отырып, 1 қыркүйек күні басталатындығын айтты. Сонымен қатар 1 сыныпқа 1 кабинет бекітіліп, оқушы ауырған жағдайда сынып қашықтықтан оқуға ауыстырылатынын және ата-анасы немесе балалары ауырған жағдайда бала қашықтықтан білім алуға ауысатынын атап өтті. Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныстарын айтты. Айтылған ұсыныстар бойынша басқарма басшысы назарға алып, тиісті жұмыстар жасайтынын жеткізді. Кеңес соңында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бақберген Сәрсенұлы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, пандемия кезеңінде оқушыларды онлайн оқытып, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ұстаздарға алғысын айтты. Шара облыстық ішкі саясат басқармасының «ҮЕҰ мен қоғамдастықты қатыстыра отырып қоғамдық кеңестермен жүргізілетін қоғамдық бақылауды дамыту» жобасы аясында «Асыл Мұра-Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.
Гүлбану МАҚАЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!