Фото: astanazan.kz      

 Мемлекеттік қызмет − ел мүддесіне қызмет етудің ерекше түрі. Бұл саладағы әрбір маманның әдебі мен мінез-құлқы халықтың мемлекетке деген сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан да Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар тек кәсіби шеберлікпен шектелмей, олардың адамгершілік болмысы мен қоғамдық тәртібіне де тікелей қатысты.

 Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің беделі мен имиджі тек кәсіби біліктілікпен ғана емес, сонымен қатар оның әдептілігімен, мінез-құлқымен де бағаланады. Мемлекет пен халық арасындағы сенімді байланыстыратын алтын көпір – дәл осы мемлекеттік қызметкерлер. Сондықтан олардың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, адамдармен қарым-қатынасы қоғамның назарында болады.

  Қазақстан Республикасының Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілерге бірқатар талаптар қояды. Бұл кодекс − қызметшінің күнделікті жұмысындағы, сондай-ақ қоғамдық ортадағы мінез-құлқын реттейтін негізгі құжат. Онда адалдық, әділдік, кәсібилік, ашықтық, сыпайылық, сабырлылық сынды адамгершілік қасиеттердің бәрі көрініс табады.

 Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті − халыққа адал қызмет ету. Әдеп қағидаларына сәйкес, қызметші азаматтардың өтініштеріне мұқият қарап, олармен ашық әрі сыпайы тілде сөйлесуге міндетті. Кез келген жағдайға сабырмен қарап, жанжалдан аулақ болу − нағыз маманның белгісі.

 Мемлекеттік қызметші тек жұмыс орнында ғана емес, қоғамда, отбасында, тіпті әлеуметтік желілерде де өзінің үлгілі мінез-құлқын көрсетуі керек. Себебі, ол — мемлекеттің «бет-бейнесі». Қызмет бабын жеке мүддеге пайдаланбау, парасаттылық пен қарапайымдылық таныту − бұл бүгінгі мемлекеттік қызметтің негізгі талаптары.

 Мемлекеттік қызметшінің әдептілігі − бұл тек тәртіп емес, бұл – сенім. Мемлекеттік аппараттың тиімділігі де осы сенімге негізделеді. Сондықтан әрбір қызметші өз әрекетімен халық сенімін ақтауға, мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірді нығайтуға күш салуы тиіс.

Қызылорда қалалық сот әкімшісінің

 бас маман сот отырысының хатшысы

А.Қараманова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!