Тіл тағдыры – тұтас бір ұлттың тағдыры. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге Конституциямыздың өзі кепілдік береді. Мемлекеттік тіл – тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатын секілді, мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де – мемлекеттің негізгі атрибуттарының бірі.

«Қазақстан республикасындағы тіл туралы» заңының 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлі, мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп нақты көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабы  1-тармағына сәйкес, «Қазақстан Республикасының  мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп танылса да, осы баптың екінші тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылды», – деген.

«Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілетіні, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылатыны» Тіл туралы заңның 13-бабында нақтыланған. Заң талаптарына сәйкес, сотта іс жүргізіп отырған тілді білмейтін және түсінбейтін сот процесіне қатысушыларға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу үшін заңда белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы қамтамасыз етіледі. Ең алдымен судья талап қоюшыдан, жауапкерден, іске қатысушы басқа да адамдардан сот ісі жүргізілетін тілді білетін – білмейтінін, оларға аудармашы қызметінің қажеттігін анықтайды. Сот ісін жүргізу тілі, сотқа талап арыз берілген тілге қарай, сот ұйғарымымен белгіленеді. Демек, сотқа жүгінуші әрбір азамат тіл таңдау арқылы мемлекеттік тіл мәртебесіне үлес қоса алады. Ең бірінші өзіміз тілімізді құрметтеуіміз, заң жүзінде ана тілінде іс қағаздарын жүргізуді дамытуды қалыптастыруға үлес қосуымыз қажет.

Тілдің мәртебесі – елдің мерейі. Оның мерейін асқақтататын да, құтын қашыратын да мына өзіміз. Тіл отбасынан басталып, Отан аясында дамиды. Қазақ тілінің мәртебесін нығайту үшін барлық қазақстандықтар мен шет елдегі қандастарымыздың қазақ тіліне деген құрметін арттыру, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтау қажет. Тіл – қай ұлтта, қай елде болмасын қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен дарып, қалыптасады.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы М.Мұсабек

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!