Еліміз тәуелсіздік алғалы көптеген табыстарға қол жеткізді, оның ішінде төл тіліміздің конституциялық құқықтары нақтыланды. 1995 жылғы қабылданған Қазақстан РеспубликасыныңКонституциясының 7-бабында «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» болып айқындалды. Ал, кез келген халықтың мәңгілік болуы ана тілінің сақталуымен бағаланатыны сөзсіз.

1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңы қабылданып, мемлекетімізде тілдердің қолдануының құқықтық негіздері, барлық тілдерге бірдей құрметпен қарау қамтамасыз етіліп, мемлекеттік ана тіліміздің мәртебесі айқындалды.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.

Ал сот саласында сот ісін жүргізу тілі сотқа берілген құжаттардың берілуіне қарай жүргізіледі. Сотқа жүгінуші әрбір азамат істі қазақ тілінде немесе өзі білетін өзге тілде жүргізуді талап етуге құқылы. Сондай-ақ, өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу және кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметімен қамтамасыз етіледі.

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген сөзі үлкен мәнге ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық… Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты….», – дей келе, мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы деп, қазақ тілінің мәртебесін айқындап өтті.

Сол себепті, қай салада болмасын мемлекеттік тіл мәртебесінің артуы қарапайым азаматтардың отанға деген құрметімен тікелей байланысты.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман – сот отырысының хатшысы А.Сырымбетова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!